20 күнге дейін аяқталады. Каспий түбінен байланыс желісі төселе бастады

137
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/24Sne52p87sI0Mvt9Gph68Rqh2Yv4b2mURRqkbsI.png

Бакуден арнайы кабель төсеуші кеме шығып, Каспий теңізінің түбімен байланыс желісін төсеуді бастады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, ауа райы қолайлы болған жағдайда суасты кабелін төсеу жұмыстары 15–20 күн ішінде аяқталады.

Қытайда өндіріліп, сынақтан өткен брондалған оптикалық кабель алдымен Құрық портына жеткізіліп, кейін Баку қаласына тасымалданған. Қазіргі уақытта кабель толықтай арнайы кабель төсеуші кеменің резервуарына тиелген.

Жоба аясындағы жұмыстарға су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын, динамикалық позициялау жүйесімен жабдықталған арнайы кеме тартылған. Кеме бортында 70 экипаж мүшесі, техникалық қадағалау мамандары және «Қазақтелеком» АҚ өкілі жұмыс істеуде.

Транскаспийлік байланыс желісі «Қазақтелеком» АҚ мен Әзербайжанның AzerTelecom International компаниясы бірлесіп құрған CaspiLink B.V. кәсіпорны арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Әзербайжан жағындағы кабель учаскелері өзара жалғанып, барлық оптикалық желілер сынақтан сәтті өткен.

Comments