Алматыда жатақханадағы орын тапшылығы 4 есе қысқарды

231
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kzK72TXJexqxHdQKQkqFZPB7OE9Dzgt46Wl6NMXq.jpg

Жаңа оқу жылының басына таман Алматыда студенттерге арнап жатақханада, хостелде, қонақ үй мен жоғары оқу орнының қайта жабдықталған ғимаратында жалпы саны 61,2 мың орын дайындап қояды. Соңғы бір жылда студенттік жатақханадағы орын тапшылығы 23,7 мыңнан 5,7 мыңға дейін, яғни шамамен төрт есеге қысқарды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматының жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек қалаға басқа өңірден келетін студенттерді орналастыруға қалай қам жасап жатқандарын айтып берді.

Алматы еліміздегі ең үлкен білім беретін орталық. Қазір қаладағы 35 жоғары оқу орнында 221 мың студент білім алып жатыр. Оның 149 мыңы басқа өңірден келген. Баспанаға да осы санаттағы студенттер көбірек мұқтаж.  

Азиз Қажденбектің айтуынша, студенттік тұрғын үйге де сұраныс артқан. Биыл 30 094 мемлекеттік білім беру гранты бөлініпті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 700-ге, 2024 жылмен салыстырғанда 1 600-ге көп. Сонымен қатар жоғары оқу орнының ақылы бөліміне құжат қабылдау 28 тамызға дейін жалғасатындықтан, студенттердің нақты саны әлі нақтыланып жатыр.

«Біз қазірдің өзінде ықтимал сұранысты ескере отырып, дайындық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Соңғы бір жылда жатақхана орнының тапшылығы едәуір азайды. 2025 жылы 23,7 мың орын тапшы болса, биыл бұл көрсеткіш 5,7 мыңға дейін төмендеп, төрт еседей азайып отыр, – дейді Азиз Қажденбек.

Тапшылықтың азаюына бірнеше жағдай әсер еткен. 47 мыңдай түлек жатақханадағы орнын босатып, грантты қайта бөліпті. Сонымен қатар қалада жаңа студенттер үйі де ашыла бастады. Қазір Алматыда 136 студенттік жатақхана жұмыс істейді. Оның 43-і 2023 жылдан бері пайдалануға берілген. Былтыр рекордтық көрсеткішке – 4,5 мың төсек-орынға қол жеткізіпті. Қазір жатақханада 46,2 мың студент тұрады. Бұл былтырғыдан 6 мыңға көп.

Жылдың соңына дейін қалада тағы 4 658 орынға арналған 13 нысан ашылмақшы. 287 орындық екі жатақхана қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға беріледі. 4 371 студентке арналған тағы 11 жаңа ғимарат бар арасында. Сонымен қатар қала балама тұрғын үй қорын да кеңейтіп жатыр. Хостелдер мен қонақ үйде студенттерге қазірдің өзінде 11 мың орын қарастырылған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 9 мың орын болыпты.

Қосымша қорды университеттердің өзі де іздестіріп жатыр. Бос тұрған әкімшілік ғимараттар мен басқа да нысандарды студенттерге арнап қайта бейімдей бастады. Осы арқылы тағы 4 мың орын дайындау жоспарланған.

«1 қыркүйекке дейін Алматыда барлығы 61,2 мың орын дайын болады. Бұл – жатақханалар, хостелдер, қонақүйлер мен жоғары оқу орындарының ішкі резервтері. Биыл студенттерге ұсына алатын жалпы тұрғын үй қоры – осы», – деді жастар саясаты басқармасы басшысы.

Жаңа жатақхана салудың тағы бір бағыты – инвесторлар тарту. 2023 жылдан бастап әкімдік бастамасымен Алматыда жобалық кеңсе жұмыс істейді. Оның мамандары инвесторларға қолдау көрсетіп, рұқсат беретін құжаттарын рәсімдеуге, студенттік жатақхана салуға берілетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігін түсіндіруге көмектеседі.

Жаппай орналасар кезде қалада консультациялық орталықтың да жұмысы күшейді. 10 тамыздан бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында, Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында ситуациялық орталық жұмыс істейді. Оның жанында тәулік бойы істейтін колл-орталық бар. Оған тәулігіне 1,5 мыңнан астам қоңырау түседі. Кеңес алу үшін мына нөмірге хабарласыңыз: +7 700 950 95 28, +7 727 237 01 70.

Студенттерге қай жерде орналасуға болатыны, жатақханаға қалай өтініш беру керектігі, орын берілмеген жағдайда не істеу қажет екені және қиын жағдайда қайда жүгіну керектігін түсіндіреді. Осындай орталықтар Алматыдағы барлық жоғары оқу орнының жанында жұмыс істейді.

Тағы бір шара – қоныстану күндері қандай да бір себеппен баспанасыз қалған студенттерге уақытша тұрғын үй ұсыну. 22 тамызда ALT University-дің №1 Студенттер үйінде, Мауленов көшесі, 108А мекенжайында 50 орындық Дағдарыс орталығы ашылады.

«Егер студент қоныстану күні қандай да бір себеппен баспанасыз қалса, біз оны жалғыз қалдырмаймыз. Оны уақытша орналастырып, кейін тұрақты тұратын жер табуға көмектесеміз», – деп атап өтті Азиз Қажденбек.

Студенттерді жатақханаға орналастыру 25 тамызда, жоғары оқу орнындағы оқу процесі 1 қыркүйекте басталады. Осы кезеңде қаланың барлық жауапты қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Сонымен қатар қалада бос орындардың саны ғана емес, студенттердің жатын жері де бақылауда болады. Жатақхананы жыл сайын екі кезең бойынша қоғамдық ұйымдардың өкілдері, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер тексеріп тұрады. 

Биыл бақылаудың бірінші кезеңі 30 маусым мен 3 шілде аралығында өтті. Тексеру қорытындысы бойынша бөлмедегі ылғалдылық, жиһаздың тозуы, санитарлық-гигиеналық жағдай, су мен сантехниканың ақауы, терезе мен есіктің жай-күйі, сондай-ақ абаттандыру мен жатақхананы күтіп ұстау сияқты алты негізгі мәселе анықталыпты. 

Әр ескерту бойынша жоғары оқу орнына тиісті ұсыныс берілді. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктер бекітілген кестеге сәйкес жойылып жатыр.

Тексерудің екінші кезеңі 18-25 тамыз аралығында өті жатыр. Мамандар бұған дейін анықталған кемшіліктің жойылған-жойылмағанын тексеріп, жатақхананың жаңа оқу жылына дайындығына қорытынды жасайды.

«Біз қажетті орын санын қамтамасыз етіп қана қоймай, студенттердің жатын жері қанадй екеніне де қараймыз. Жатақханалардың жағдайына қатысты бірде-бір ескерту назардан тыс қалмайды», – деді спикер.

Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда Алматыдағы студенттерді орналастыру жағын бақылауда ұстап отыр. Қала билігі биылғы оқу жылындағы қажеттілікті толық қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы жылдары студенттер саны мен тұрғын үйге деген сұраныстың өсуін алдын ала ескеруге мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыруды жоспарлап отыр.

«1 қыркүйекке дейін барлық қажетті шараны қабылдап, басқа өңірден келген баспанаға мұқтаж әр студенттің қолжетімді әрі жайлы тұрғын үйге қол жеткізуін қамтамасыз ету міндетіміз», – деп түйіндеді Азиз Қажденбек.

Comments
Other materials