7 жылдан соң. Экс-президент сыртқы саясатта халыққа жүгіну құқығынан қағылды

819
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pb2nVoMITjj66WrbDc3IpkCJCcZ0vXOny2XX8G38.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2020–2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізді. Ең елеулі жаңалықтардың бірі – құжаттан Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы ескертулердің алынып тасталуы, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы тұжырымдамаға өзгерістер енгізу туралы жарлыққа 14 тамызда қол қойған. Құжаттың бұған дейінгі редакциясында негізгі қағидаттардың бірі ретінде «ел дамуының жаңа кезеңіндегі Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саяси бағытының сабақтастығы» көрсетілген еді. Енді бұл тармақ экс-президенттің аты-жөні аталмай, «ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы саяси бағыттың сабақтастығы» деп өзгертілген.

Сондай-ақ тұжырымдамадан Назарбаевтың сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері бойынша бастамаларымен халыққа, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға өмір бойы жүгіну құқығы туралы ереже толығымен алынып тасталған.

«7-тараудың 1-тармағы алып тасталсын», – делінген жарлықта.

Тұжырымдаманың мәтіні жаңа Конституцияға сәйкес келтірілген. Атап айтқанда, «азамат» ұғымы «Қазақстан Республикасының азаматы» деп өзгертілсе, «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздері бас әріппен жазылатын болды, ал «Парламент» сөзі «Құрылтай» сөзімен ауыстырылған.

Айта кетейік, өзгерістер жарлыққа қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

Comments