Ашхабадта рапид және блиц бойынша балалар арасындағы халықаралық Kids EXPO Chess Cup 2026 шахмат турнирі аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жарыс 19-20 тамыз күндері Түрікменстандағы «Kids EXPO: бәрі балалар үшін» халықаралық көрме-жәрмеңкесі аясында өтті. Турнирге 8, 10 және 12 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар қатысты. Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтижені Закария Амиров көрсетті. 8 жасқа дейінгі балалар арасында сынға түскен қазақстандық шахматшы рапид бойынша жеті мүмкін ұпайдың алтауын жинап, жарыс жеңімпазы атанды. Ал Күмісбай Ақниет қоланы қанжығалады.
Сондай-ақ Закария Амиров мен Ақниет Күмісбай блиц сайысында үшінші орын алып, қола жүлдеге ие болды.
Қазақстандық жас шахматшылар Ашхабадтағы халықаралық турнирді бір алтын және үш қола медальмен қорытындылады.
