АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонның қазіргі уақытта Иранға соққы бермейтінін айтты. Бұл туралы Axios жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Рубио кейбір әріптесіне қазіргі уақытта Вашингтонның Иранға жаңа соққы жасамайтынын айтты», – деді ол.
Басылымның жазуынша, қазір АҚШ әкімшілігі Тегеранға қысым жасаудың басқа әдістеріне, соның ішінде санкцияларға басымдық беріп отыр.
Бұған дейін АҚШ Иранға қарсы ауқымды санкциялар енгізген болатын. Шектеулер шамамен 60 жеке тұлға, компаниялар мен кемелерді, ядролық және зымыран технологияларын сатып алу желілерін, сондай-ақ мұнай сатудан табыс түсіретін желілерді қамтиды.
АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы соғыс қимылдарын бастаған еді. Бұған жауап ретінде Тегеран аймақтағы америкалық нысандарға жаппай соққы бере бастады. 18 маусымға қараған түні АҚШ пен Иран аймақтағы, соның ішінде Ливандағы әскери қимылдарды тоқтатуды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Алайда бұл әлсіз бітім 8 шілдеге дейін ғана сақталды. Сол күні АҚШ Ормұз бұғазын бұғаттан шығаруға қатысты келісімдерді Тегеран бұзды деп айыптап, Иранға соққыларын қайта бастады.
