Жетісу облысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын және оқитын, ойланатын жастар тәрбиелейтін орынның бірі Сарыөзек ауылында жаңадан ашылған кітапхана болмақ. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданына барған сапарында жаңа кітапханада өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы таныстырылды.
«Зерделі ұрпақ – сауатты қоғам» тақырыбын арқау еткен кездесуге зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, жастар өкілдері қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде Президенттің бастамашылдығымен іске асырылып жатқан түбегейлі конституциялық реформалардың мәніне кеңінен тоқталды. Бұл ретте адамгершілік идеалдары мен өміршең құндылықтарды өзек еткен «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға, жаңа қоғамдық-саяси, мәдени этика қалыптастыруға әрбір азаматтың үлес қосуы маңызды екенін айтты.
- Мемлекет басшысы түбегейлі өзгерістер нәтижелі болуы үшін әсіресе оқу-тәрбие және ағарту жұмыстарына, мәдени-гуманитарлық, экологиялық бастамаларға ерекше мән беріп отыр. Бұл ретте кітап оқу мәдениетін дамыту – нақты қадам-қадаммен идея деңгейінен мемлекеттік саясатқа айналды. Бүгінгідей ақпарат легі көп заманда кітап адамды терең ойлауға, байыппен оқып, мәселенің мәніне үңілуге машықтандырады. Оқырманның дүниетанымын кеңейтеді, зерделі ұрпақ қалыптастырады, оларды білімге, ғылымға жетелейді, қоғамдық ортада өзін ұстау мәдениетіне, ізет пен әдепке, тәртіп пен жауапкершілікке үйретеді. Президент айтқандай, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – оқитын, ойлайтын, ізденетін жастарды тәрбиелеу, - деген Бейбіт Исабаев осы бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар өз сөзінде облыс әкімі аудандық кітапханаға арнайы алып келген Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын таныстырды. «Бұл – Президенттің Әділетті, өркендеген Қазақстан құрудағы мемлекетшіл мұраттары, өмірлік ұстанымдары, қасиетті құндылықтар туралы ойларының жинағы. Бұл кітап тек белгілі бір аудиторияға ғана емес, барша оқырман қауымға арналады. Жас айырмашылығына, әлеуметтік мәртебесіне, басқа да ерекшелігіне қарамастан әркім өзіне керегін екшеп ала алады. Сондықтан бүгін осы кездесуде аға буын мен жастардың басын қосып отырмыз» - деді Б. Исабаев. Атап өтсек, жинақтың бірнеше данасы аудан-қалалардағы кітапханаларға, соның ішінде колледждерге де тапсырылуда.
Мұнан соң кездесуге қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ой қосты.
«Mizam» жылжымалы әдебиет мектебінің жетекшісі Мұхтар Күмісбек облыс әкімдігінің қолдауымен іске асырылып жатқан әдебиет мектебі жобасының аяқ алысын тілге тиек етті.
- Балаларға кітап оқытуда бірінші болып нақты жобаны Жетісу облысы қолға алғанын мақтанышпен айтамыз. «Мизам» мектебін осыдан екі жыл бұрын құрдық, содан бері жас оқырмандар қатары қалыптасты. Бұл жобаның мақсаты – тек көп кітап оқыту емес, ізденетін, ойланатын ұрпақ қалыптастыру. Кітап оқу – үлкен еңбек. Әрбір оқылған кітап – баланың санасына себілген дән сияқты. Ол болашақта жемісін береді. Біздің жобамызды қолдағандарыңызға алғыс айтамыз, - деді ол.

Сол сияқты ардагер журналист Жұмахмет Жайлаубаев Президенттің кітабына қатысты пікірін жеткізді.
- Президент кітапта «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек» дейді. Неге Абайдан? Өйткені Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді бізге. Яғни ел болып ұйысудың, бір мақсатқа бірігудің жолын көрсетеді. Соңғы кезде біз жиі айтатын «Бәрімізге ортақ құндылық бар ма?» деген сұраққа Мемлекет басшысы: «Әділеттілік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық» деп жауап береді. Жастар бөлімінде Мағжанша мен жастарға сенемін дей отырып, ел ертеңі жастарда екенін, сондықтан оларға жақсы біліммен қатар жақсы тәрбие беру керектігін айтады. Жалпы, бұл әрбір адамды ойландыратын, бағыт беретін жинақ, - деді Ж. Жайлаубаев.
Белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов жаңа құндылықтар қалыптастыруға қатысты пікірін білдірді:
- Күні кеше Президент амандасу әдебі туралы жақсы айтты. Сөз басы сәлемдесуден басталады. Сондықтан сәлемдесу әдебін үйретуді балабақша мен мектептен бастау керек. Бүгін таныстырылып отырған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабында Президент «Әр азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс», - дейді. Яғни жаңарған қоғам жасау бір ғана адамның, немесе бір мекеменің емес, әрқайсымыздың қолымызда екенін айтады. 21 тақырыптық бөлімге бөлінген бұл кітапта заң үстемдігінен бастап экологиялық мәдениетке дейінгі барлық тақырып қамтылған, - дейді А. Бұлғақов.
- Президент жастар тәрбиесінің ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін үнемі айтады. «Бүгін саналы ұрпақты тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз», - дейді бір қанатты сөзінде. Сондықтан біз, жастар тек сапалы білім алып қана қоймай, ізденіп, өзімді өзіміз жан-жақты дамытып, азаматтық жауапкершілікті, жаңа құндылықтарды қалыптастыруға үлес қосуымыз керек, - деді Жетісу студенттер альянсының төрайымы, амбудсмен Ақерке Қызайбай.
Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Кербұлақ аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова және басқа да азаматтар жаңа қоғамдық мәдениет қалыптастырудың маңызы, кітап оқудың пайдасы, Президенттің жаңа жинағы жөнінде ой қосты
Жалпы, облыс құрылғаннан бері өңірде мәдениеттің 34 жаңа нысаны қолданысқа берілген, яғни сала инфрақұрылымын жаңарту деңгейі 36%-дан асты. Сондай-ақ биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Қоғалы ауылдық мәдениет үйі мен Молықбай Байсақұлы атындағы Ақсу аудандық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайту, ребрединг жүргізу жоспарланып отыр.
Жыл сайын ұлғайтылудың арқасында кітапханалардағы кітап қоры бүгінгі күні 2,8 млн данаға жетті. Өңірде бүгінге дейін «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы іс-шараларға облыс көлемінде 150 мыңнан астам оқырман тартылды.

"49 millions tenge": Yerbol Azanbek calculated how much it would cost to participate in the one-mandate district elections
