Қаңтар қырғынында жоғалған қару ғайыптан табылды

106
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/425mA5qpHoT4tCS2CbuVLjj5atXMz899oIapTAst.webp

Қазақстанда заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтау және тәркілеу жұмыстары жалғасып жатыр. Шымкент пен Петропавл қалаларында қару-жарақ жасырылған орындар табылды, деп хабарлайды "Адырна".

Ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтау бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Шымкент қаласының Тұран ауданында автомобиль жолының маңындағы арықтан қару-жарақ жасырылған орын анықталды. Ол жерден үш аңшылық мылтық, шолақ мылтық және тапанша тәркіленді. Тексеру барысында қарудың бірінің 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы қару-жарақ дүкенінен ұрланғаны анықталды.

Ал Петропавл қаласында ашық аумақтан аңшылық мылтық, нөмірлері өшірілген екі шолақ мылтық, оқ өтпейтін кеудеше және 27 оқ-дәрі табылды.

Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.

Бұдан бөлек, 20 сәуірден бастап жыл соңына дейін халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізіліп жатыр. Бүгінге дейін азаматтар шамамен 900 қару мен 6 мыңға жуық оқ-дәріні тапсырған.

Comments