Министрлік фастфуд жарнамасына шектеу қоймақ

234
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/eOSek3U6WQ4deFMxzxrMK4FcIU9EoL82AzDgjvNF.jpg

Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан майлар мөлшері жоғары басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі. Бұл туралы бүгін, 9 қыркүйекте министрліктің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Ол мұндай жарнаманың зиянды әдеттердің қалыптасуына ықпал ететінін, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыратынын және елдің еңбек әлеуетіне кері әсер ететінін атап өткен.

Министрлік мәліметінше, заңнамалық бастамалардың негізгі мақсаты – балалардың тағамдық талғамына маркетингтік ықпалды азайту және ерте шақтан бастап дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға ықпал ету.

Азық-түлік өнімдерінің жарнамасы балалар мен жасөспірімдерге айтарлықтай әсер етеді. Олар жарқын қаптамаға, әлеуметтік желілер, блогерлер арқылы жарнамалауға және басқа да маркетингтік құралдарға көбірек бейім келеді.

«Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды», – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева аппараттық кеңесте сөйлеген сөзінде.

Зерттеу деректеріне сәйкес, 6–9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.

Заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып әзірленген.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірқатар шара қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған. 2025 жылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Ол рациондағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің үлесін арттыруды көздейді.

Comments