10 қыркүйекте Моңғолияда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Осыған орай Ұлы Мемлекеттік Хурал депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар мен мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары мен ұрпақтары саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Еске алу рәсімінде құрмет қарауылы сап түзеп, үрмелі аспаптар оркестрі қаралы әуен орындады. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Моңғолияның мемлекеттік әнұраны шырқалды.
Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралы 1996 жылы қабылдаған №33 қаулыға сәйкес, 10 қыркүйек Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген.
Моңғолиядағы саяси қуғын-сүргін 1937–1939 жылдары ерекше күшейді. Бұл кезеңде мыңдаған адам тұтқындалып, сотталып, атылды. Ресми мәлімет бойынша, екі жыл ішінде шамамен 30 мың адам өлім жазасына кесілген. Ал қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы саны 32 мыңға жуықтаған.
Саяси қуғын-сүргін науқаны буддистік дін қызметкерлеріне де ауыр зардап әкелді. Көптеген ғибадатхана мен монастырь қирап, діни қызметкерлердің едәуір бөлігі қаза тапты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі, Моңғолияның бұрынғы басшысы Пэлжидийн Гэндэннің қызының бастамасымен ел астанасы Ұлан-Батырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі ашылған. Қазір музей тарихи әділеттілікті сақтау мен қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың маңызды орындарының біріне айналды.
Сонымен қатар Сонгино-Хайрхан тауының етегінде мемлекеттік қуғын-сүргіннің алғашқы құрбандары жерленген мемориалдық кешен орналасқан.
A little girl died: a mother who left her daughter in kindergarten for a month lost her parental rights
