Түркіменстанда Каспий теңізінің мәселелеріне арналған халықаралық курс басталды

57
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YbiVB7zhnCTgxW5xeSG1CQ8i6u3pzIxpSoI9pKQy.jpg

Түркіменстанда Каспий теңізінің тұрақты дамуы мен басқаруына арналған 11-ші халықаралық оқу курсы басталды. Іс-шара 7 қыркүйекте «Арчабиль» қонақүйінде өтті, деп хабарлайды "Адырна".

Оқу курсын Түркіменстанның Сыртқы істер министрлігі, Каспий теңізі институты және Халықаралық мұхит институты ұйымдастырып отыр.

Курстың ашылу рәсіміне Түркіменстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Сяоцзюнь Грейс Ван, Халықаралық мұхит институтының басқарушы директоры Антонелла Вассалло, курс директоры доктор Парвин Фаршчи, теңіз кеңістігін жоспарлау жөніндегі сарапшы доктор Андрей Абрамич және Түркіменстан Каспий теңізі институтының директоры Мырат Атаджанов қатысты.

Іс-шарада Каспий теңізін тұрақты пайдалану және сақтау бағытында өңірлік ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ осы саладағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Халықаралық оқу бағдарламасы Түркіменстанда 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Оған Каспий маңындағы бес мемлекеттің өкілдері қатысады. Бағдарлама барысында халықаралық теңіз құқығы және Каспий теңізінің экологиялық проблемаларына ерекше көңіл бөлінеді.

Биылғы курстың негізгі тақырыптары – Каспий теңізінің экологиялық жағдайы және оның тайыздануына байланысты мәселелер.

Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылғы 24 шілдеде Түркіменстанның бастамасымен «2028 жыл – Халықаралық құқық жылы» деп жариялау туралы 80/295 қарарын консенсус арқылы қабылдады. Қарарға 78 мемлекет тең автор ретінде қолдау білдірді.

Бағдарлама басталғалы бері Түркіменстан, Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Қытайдан Каспий теңізіне қатысты түрлі салаларда жұмыс істейтін 175 маман оқудан өткен.

11-ші халықаралық оқу курсы 18 қыркүйекке дейін жалғасады.

Comments
Other materials