Қазақ өрендері АҚШ-тың үздік мектебіне жолдама алды

98
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qySIHaYJZNOAQSUePn07CWxOM8mkOHY7CMQ9yarg.jpg

Қазақстандық бес оқушы АҚШ-тағы беделді жекеменшік мектептерде екі жыл тегін білім алуға мүмкіндік алды. Шәкіртақы оқу ақысы мен жатақханадан бастап, тамақтану, медициналық сақтандыру және оқу құралдарына дейінгі шығындарды толық қамтиды.

Былтыр үш қазақстандық оқушы арнайы грантқа ие болса, биыл олардың қатарына тағы бес шәкірт қосылды. Бұл мүмкіндік «Oliver Grace Scholars Program» бағдарламасы аясында ұсынылып отыр.

«Oliver Grace Scholars Program» грантының көлемі бір оқушыға екі жылға шамамен 160 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл қазіргі бағаммен 80 миллион теңгеге жуық.

Шәкіртақы аясында оқушылардың оқу ақысы, жатақханада тұруы, тамақтануы, медициналық сақтандыруы және оқу құралдары төленеді. Сонымен қатар олардың АҚШ-қа жылына екі рет барып-қайту шығыны да грантқа енгізілген.

Биыл Ерасыл, Арыстан және Әлімжан есімді үш қазақстандық оқушы Коннектикут штатындағы Salisbury School жекеменшік мектебінің Оливер Грэйс атындағы екі жылдық грантына ие болды.

Алматылық Әсия мен Айбике де биыл АҚШ-та білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Олар Вашингтон маңындағы Episcopal High School мектебіне қазақ қыздарына арналған алғашқы екі грант бойынша қабылданған.


Salisbury School – Коннектикут штатында орналасқан жекеменшік мектеп. 1901 жылы құрылған оқу орнында 9-12 сынып оқушылары білім алады.

Мектеп шамамен 300 гектар аумақта орналасқан және 300-ге жуық оқушыға арналған. Қазір мұнда АҚШ-тың 40 штатынан және әлемнің 49 елінен келген оқушылар білім алып жатыр. Олардың арасында Қазақстаннан барған алты оқушы бар. Бесеуі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алған.

Оқу орны оқушыларды академиялық біліммен қатар интеллектуалдық, физикалық және тұлғалық тұрғыдан дамытуға бағытталған. Сондай-ақ түлектерін АҚШ-тағы жетекші университеттерге түсуге дайындайды.

Былтыр Salisbury School-да арнайы шәкіртақыға алғаш рет қазақстандық үш оқушы – Мұқағали, Мирас және Айдар ие болған еді. Олар биыл оқу орнын тәмамдап, аттестат алуға дайындалып жатыр.

2025/2026 оқу жылындағы академиялық нәтижелер бойынша мектептің ең үздік үш оқушысының екеуі Қазақстаннан барған шәкірттер болған.

Қазақстандық оқушыларға арналған бұл мүмкіндік Ғабит Бекахметов пен америкалық филантроп Оливер Грэйстің байланысы арқылы жүзеге асып отыр.

Оқиға осыдан шамамен 25 жыл бұрын басталған. Қарағандыдағы қазақ-түрік лицейінде оқыған Ғабит Бекахметов мектеп бітіргеннен кейін АҚШ-қа аттанып, Солтүстік Каролина штатындағы Duke University университетіне оқуға түскен.

Ол ТМД елдерінен шыққан дарынды студенттерге арналған Оливер Грэйс шәкіртақысының иегері атанып, университеттегі оқуын сәтті аяқтаған.

Бүгінде Ғабит Бекахметов – білім саласының маманы, бірнеше кітаптың авторы әрі заманауи жекеменшік мектептердің негізін қалаушы. Оның қатарында «Білім кемелері: НЗМ, БИЛ, РФММ» және «Барсакелмес» кітаптары бар.

Ғабит Бекахметовтің білім саласындағы жолын бақылаған Оливер Грэйс Қазақстан жастарына қолдау көрсетуді жалғастыру туралы шешім қабылдаған.

Оливер Грэйс – Salisbury School-ды 1972 жылы тәмамдаған түлек. 2025 жылы ол Ғабит Бекахметовпен бірлесіп, Қазақстан оқушыларына арналған жаңа шәкіртақы бағдарламасын іске қосқан.

Бағдарлама бойынша жыл сайын 200-300 үміткердің арасынан үш оқушы іріктеледі. Кандидаттардың академиялық үлгерімі, жетістіктері және басқа да көрсеткіштері бағаланып, олар арнайы сұхбаттан өтеді.

Алғашқы жылы бағдарлама тек ұлдарға арналған болса, биыл қазақ қыздарына да мүмкіндік берілді. Осылайша, Вашингтон маңындағы Episcopal High School мектебіне Қазақстаннан екі қызға арналған грант бөлінді.

Әсия мен Айбике іріктеуден өтіп, АҚШ-тағы жаңа оқу жылын бастап кетті.

Қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі беделді мектептерде білім алуы олардың шетелдік жоғары оқу орындарына дайындалуына да мүмкіндік береді. Бағдарламаны ұйымдастырушылар алдағы уақытта білімді әрі талантты қазақстандық жастарды қолдауды жалғастыруды көздеп отыр.

Алма Сайлауқызы

Comments