Ресейдегі 155 тілдің 15-і жойылуға шақ тұр. Ғалымдар орыс тілінің жағдайы ерекше дейді

309
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/FDavlqIHjcu4lzWpkoWQAPr55vMK3aZlFGEblZGm.jpg

Ресейде алеут-меднов және ительмен тілдерінде сөйлейтін небәрі бір-бір адамнан қалған. Ал Ресейдің байырғы шағын халықтарына тиесілі тағы сегіз тілде сөйлейтіндердің саны 10 адамнан да аз. Бұл туралы Ресей ғылым академиясы Тіл білімі институтының Ресей тілдерін сақтау, жаңғырту және құжаттандыру ғылыми орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Сахалиндегі уильтин (орок) тілі, Хабаров өлкесіндегі негидаль және удэгей тілдері, Якутиядағы оңтүстік юкагир тілі, Том облысындағы оңтүстік селькуп тілі, Ленинград облысындағы водь тілі, Мурман облысындағы йоканьг және бабин саам тілдерінде сөйлейтіндер саны 10 адамнан аспайды.

Институт зерттеулеріне сәйкес, Ресейде қазіргі уақытта қолданылып жүрген 155 тілдің 15-і жойылып кету қаупінің ең жоғары деңгейінде тұр. Олардың қатарында кур-урмий, караим, қырымшақ, чулым, тофалар, водь, ижор, бабин саам, йоканьг саам, скольт саам, тундра энец, оңтүстік селькуп, ительмен, алеут-меднов және оңтүстік юкагир тілдері бар. Бұдан бөлек, тағы 39 тіл «өте осал» санатына енгізілген.

Ғалымдардың айтуынша, Ресейдегі 155 тілдің ішінде жойылып кету қаупі төнбейтін тек екі тіл ғана бар. Олар — орыс тілі және орыстың ымдау тілі.

Тілдерді қолдау шаралары ретінде фестивальдер ұйымдастыру, мектептерде оқыту, тілдік қауымдастықтардың жұмысы және лингвистердің тілдерді құжаттандыру қызметі аталып өтті. Сонымен қатар кейбір тіл иелері өз ана тілдеріне арналған бағдарламалық жасақтама әзірлеп, мультфильмдерді аударуға қатысып, балалар мен ересектерге арналған тіл курстарын өткізіп жүр.

Алайда мамандардың пікірінше, мұндай жекелеген бастамалар тілдерді толыққанды жаңғырту үшін жеткіліксіз.

«Тілдерді қайта жандандыру үшін қазіргі таңда орыс тіліне жасалған жағдайлардың барлығы әрбір тіл үшін де жасалуы қажет», – деп атап өтті институт өкілдері.

Comments
Other materials