Өзен ағыны төмендеп, мұздықтар шегінуде. Орталық Азия су дағдарысының алдында тұр

225
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zcwBBOwaTqd5VD6jCSQ5N7RreQimbeocMTwoh7SW.jpg

Орталық Азия аумағында соңғы бірнеше жылда өзен ағынының азаюы, құрлықтағы су қорының қысқаруы және мұздықтар массасының айтарлықтай жоғалуы байқалған. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) әлемдегі су ресурстарының жағдайына арналған баяндамасында айтылған, деп хабарлайды “Адырна”.

Халықаралық ұйымның сарапшылары 2021–2025 жылдар аралығындағы су жағдайын зерттеп, алынған көрсеткіштерді 1991–2020 жылдардағы деректермен салыстырған. Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жылдары Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстандағы су қоймаларына келетін су көлемі айтарлықтай төмендеген.

Баяндамада Орталық Азия өзен ағыны қалыпты деңгейден төмен немесе едәуір төмен болған аймақтардың қатарына кіргені көрсетілген. Атап айтқанда, өңірдегі негізгі өзен жүйелерін қамтитын Арал теңізінлегі жағдай күрделі.

Жалпы алғанда, 2021–2025 жылдар аралығы 1991 жылы бақылаулар басталғаннан бері өзендер үшін ең құрғақ кезеңдердің біріне айналды. ДМҰ деректеріне сәйкес, өзен бассейндерінің шамамен 40%-ында ағын мөлшері қалыпты деңгейден төмен болған. Су нысандарының 36%-ында көрсеткіш нормаға сәйкес келсе, тек 21%-ында ғана қалыпты деңгейден жоғары болған.

Құрлықтағы су қорына – өзендер, көлдер, су қоймалары, топырақтағы ылғал, қар мен мұздықтар жатады. Бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азиядағы жағдай да қолайсыз. Екінші жыл қатарынан су қоры қалыпты деңгейден төмен немесе айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр. Дегенмен, бұл бүкіл әлемге тән үрдіс. ДМҰ сарапшылары зерттеген әлем аумақтарының 42%-ында осындай жағдай тіркелген.

Өңірдегі мұздықтардың масса балансы бақылаулар тарихындағы ең теріс көрсеткіштердің үштігіне енді. Бұл таулы аймақтарда мұздықтардың жинақтағанынан әлдеқайда көп мұз жоғалтқанын білдіреді. Осындай жағдай Оңтүстік Азияның батыс бөлігінде, Ресей Арктикасында, Исландияда, Канаданың батысында және АҚШ-тың батыс аймақтарында да тіркелген.

2023–2025 жылдар аралығында әлемдегі мұздықтардың жиынтық шығыны шамамен 1400 гигатонна суды құрады.

Сонымен қатар, соңғы бес жылда әлемдегі тау мұздықтары теңіз деңгейінен жоғары орналасқан мұз массасының 6,2%-ын жоғалтқаны атап өтіледі. Ал Орталық Азиядағы өзен бассейндерінің жалпы ағынының жартысынан астамы қар мен мұздың еруі есебінен қалыптасады.

Зерттеу қорытындысын шығара келе, ДМҰ сарапшылары XXI ғасырдың соңына қарай өңір елдері мұздықтардан келетін жазғы ағынның әлемдегі ең ірі көлемдегі қысқаруларының біріне тап болуы мүмкін деген қорытындыға келген.

Осыған байланысты халықаралық ұйым барлық мемлекеттердің үкіметтерін жағдайды бірлесіп бақылауды, ақпарат алмасудың бірыңғай стандарттарын және ерте ескерту жүйелерін дамытуды сұрайды. Мұндай тетіктер тұрақсыз әрі болжауы қиын жаһандық су айналымына жедел әрекет ету үшін қажет.

Comments
Other materials