Жетісу облысында төрт жасар бала теміржол жолдарының маңындағы далада жалғыз қалған. Жүк пойызының машинисі пойыз қозғалысы кезінде баланы байқап, құрамды тоқтатқан. Бұл туралы ҚТЖ баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оқиға 20 қыркүйекте сағат 12:30 шамасында Сарыөзек – Үштөбе учаскесінің Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған.
Пойыз шамамен 38 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Машинист баланы байқап, қызметтік тежеу арқылы пойызды тоқтатқан. Кейін оны локомотив кабинасына мінгізіп, болған жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған.
Кейін бала Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырылған. Станция кезекшісі баланың ата-анасымен байланыс орнатып, баланы оларға табыстаған.
Related news
