Фото: Рolisia.kz
Қазақстанда ғимараттарға граффити, түрлі жазулар мен суреттер салғаны үшін жаңа айыппұл енгізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты заңнамаға өзгерістер дайындау жөнінде Ішкі істер министрлігіне Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма берді. Бұл туралы ол 21 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
«Қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффитидің барлық түріне толық тыйым салу, вандализм мен бұзақылықтың алдын алу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің айтуынша, Қазақстанда ескерткіштер мен табиғи нысандарды қорлау фактілері бойынша 11 қылмыстық іс тергелген.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері волонтерлермен бірге есірткі жарнамасы жазылған шамамен 80 мың жазуды жойған.
Министрдің мәліметінше, есірткіні насихаттау және жарнамалау фактілері бойынша елімізде барлығы 81 қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде 19 адам сотталған.
Үкіметтегі бұл жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сөзінен бірнеше күн өткен соң өтті.
Мемлекет басшысы сол кезде қоғамдық ғимараттарға граффити салуға тыйым енгізу жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын.
Президенттің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қасым-Жомарт Тоқаев қалалардағы қоғамдық аумақтардың сыртқы көрінісін бұзатын мұндай әрекеттерге жол бермеу үшін заңнамалық және нормативтік шаралар қабылдау қажет екенін айтқан.
Қазақстанда граффитиге байланысты бірнеше резонансты жағдай болған.
Мысалы, өткен жылы Астанада белгісіз адамдар LRT вагондарына суреттер мен жазулар салған. Іс полицияға беріліп, вагондардағы жазулар арнайы құралдардың көмегімен тазартылған.
Бұған дейін бірнеше жыл бұрын белгісіз адамдар Байқоңыр ғарыш айлағына кіріп, салынып бітпеген «Буран» ғарыш кемесіне граффити салған.
Қазіргі таңда жаңа шектеулердің қала көшелерінде пайда болатын муралдарға қатысты бола ма, жоқ па – нақты белгісіз.
Қазақстан қалаларында қоғамдық маңызы бар тақырыптарға арналған үлкен қабырға суреттері – муралдар жиі салынып тұрады.
Мысалы, жақында Алматы қаласындағы Мұстафин көшесінде Көк-Жайлау шатқалын қорғауға арналған мурал орналастырылған.
Алдағы уақытта заңнамаға енгізілетін өзгерістер граффитидің қандай түрлеріне қатысты болатыны және рұқсат етілген өнер туындыларының мәртебесі қалай анықталатыны қосымша түсіндірілуі мүмкін.
KANAT AITBAYEV: In many “films,” there is no meaning, substance, moral lessons, or literary language at all
