Павлодардың ERTIS PROMENADE алаңы жазғы маусымда 1 миллионнан астам көрерменді қамтыды

465
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ruBHmgkHkpAPONHOFFX1pfSarUOFf3BcJ9zdco2t.jpg

26 қыркүйекте Павлодардың орталық жағалауында, ашық аспан астында орналасқан ERTIS PROMENADE сахнасының 2026 жылғы жазғы маусымы қорытындыланады. Биыл жағалауда 300-ден астам мәдени және ойын-сауық іс-шарасы ұйымдастырылып, оларды 1 миллионнан астам көрермен тамашалады.

Жаз бойы ERTIS PROMENADE сахнасында Қазақстанның және шетелдің 40-тан астам танымал әншісі өнер көрсетті. Сонымен қатар Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан 2 700-ден астам өнерпаз бен шығармашылық ұжым көрерменге өз өнерін ұсынды.

Маусым аясында концерттермен қатар жастарға арналған жобалар, мәдени іс-шаралар, спорттық жаттығулар, көңілді тапқырлар ойындары, ашық аспан астындағы отандық кино көрсетілімдері және басқа да түрлі форматтағы шаралар өтті. Барлық іс-шаралар тегін ұйымдастырылып, бұл ERTIS PROMENADE-ты қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді мәдени демалыс кеңістігіне айналдырды.

2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ERTIS PROMENADE бүгінде Павлодардың басты көрікті орындарының біріне айналды. Жазғы маусымда мұнда қала тұрғындарымен қатар Қазақстанның басқа өңірлерінен және жақын шетелдің шекаралас аймақтарынан келген қонақтар да бас қосады.

- Ауқымды концерттер мен шығармашылық бағдарламалар жағалауды қаланың мәдени өмірінің маңызды орталықтарының біріне айналдырып қана қоймай, Павлодардың туристік әлеуетін танытуға да мүмкіндік беріп отыр. Мұнда тұрғындар мен қонақтар мәдени демалыспен қатар, жағалаудың табиғи көрінісін тамашалап, отбасымен және достарымен уақыт өткізе алады, - дейді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.

2026 жылғы шығармашылық маусым 26 қыркүйекте сағат 19:00-де өтетін үлкен гала-концертпен қорытындыланады. Қорытынды кеште танымал қазақстандық және шетелдік өнерпаздар өнер көрсетеді. Кештің хедлайнерлері — МИРАС ЖҮГІНІСОВ, ALPHA, DARICORN және RAHMAN SATI. Арнайы қонақтар қатарында МАКСИМ, LYRIQ және JAY SEAN бар.

Маусымның жабылу кеші мерекелік отшашумен аяқталады. Осылайша биылғы ERTIS PROMENADE маусымы жүздеген іс-шараны қамтып, миллионнан астам көрерменді біріктірген ауқымды мәдени жоба ретінде өз мәресіне жетеді.

Comments
Other materials