Қоныс жыршы қайтыс болды

196
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RDoLSqPLWZVTEJaY6yVO8NuKXJF08ETErT5hP7o2.png

Қазақтың жыршылық өнерінің өкілі, жыршы Қоныс Жүсіп қайтыс болды. Бұл туралы Берік Жүсіпов жазба жариялады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Қаралы хабар туралы ақпарат 24 қыркүйек күні тараған. Ақтөбелік ақын Талғат Тілеулесов те жазып, марқұмды еске алды.

Ол Қоныс Жүсіптің жаны жайсаң, көңілі дархан, ақкөңіл азамат болғанын атап өтті. Ақын марқұмның өзіне үнемі «Ағажан!» деп ықыласпен сөйлейтінін еске алған.

Назарларыңызға Берік Жүсіповтың естелігін ұсынамыз.

Қап-ай, Қонысжан-ай, айналайын-ай! Екі кештің арасында мынау қаңғыған оқтай қандай хабар болды өзі? Суығын-ай кәпірдің, сумаңдауын-ай сұмпайының. «Қоныс жыршыдан айрылып қалдық!» деп жазыпты ақтөбелік ақын құрдасым Талғат Тілеулесов. Жалма-жан телефонның тұтқасына жармастым, «жалған сөз болғай да» деп. Сол екі ортада досым Бауыржан Бабажанмен де сөйлесіп үлгердім. Мұндай сұрқия хабар жалған болушы ма еді, өкінішке қарай рас екен. Оралдағы інім Бауыржан Халиолла да есім-сойын күні ертең болатын ауқымды шараға шақырылатын құрметті қонақтардың тізіміне енгізіп қойып: «Беке-ау, мынау не хабар?», — деп ол отыр, аңырып. Өзімен соңғы рет қашан сөйлескенім де есімде жоқ. Қашан сөйлессек те аңқылдап, әдеттегі қалпымен «Ағажан!» деп ағынан ақтарылып тұрушы еді-ау, құлдыраңдаған құлыншақтай болып. Е, құдіреті шексіз, үстем, ұлық, қаһарлы, толық хабар алушы, төреші Құдай, сен менің жаныма жақын болып, қимасыма айналып кеткен жандарды жағалай бердің-ау. Ештеңеге мұқтаж емес, мәртебелі, биік, қорғаушы едің ғой. Бұл қалай болды? Жаны жайсаң, көңілі дархан, арамдық атаулыдан ада Қоныс сияқты ақеден балаға келгенде жарылқаушы әл-Ғаффарлығыңнан айнып, өлтіруші әл-Мумит кейпіңе ене салғаның не? Асылық айтсам ғафу етіп, кешірім жасағайсың, әл-Халим, біз секілді жаны күйген момыныңа. Енді біздің алдымыздан: «Айналайын, ағажан, Астанаға қош келіпсің!» — деп аңқылдап, алау жүрегін қолына ұстап шығып, сағынышқа толы кеудесін тосып кім қарсы алады? Өзің жайында басқаны ойласам да, Құдай шебердің құрығына тым ерте ілігіп, уысына тез түседі деп еш ойламаппын. Кешір, соның жайын сезіне алмаған жаман ағаңды, айналайын!

Comments