«Еңбек адамы үшін жұмысынан бөліну оңай емес». Ардагер фотографтың тәжірибесі

66
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/z4XhUfujbijwE6A3FPHvwrAxa9L0zzo40lxrgLBd.jpg

Еңбек адамдарының бейнесін таспаға басып, тарихта қалдырған 85 жастағы фотограф Нұрманбет Ғизатұлы өз естелік, тәжрибесімен бөліседі.

Бүгін – Еңбек адамы күні. Күн сайын елдің тіршілігін алға сүйреп, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген талай жанның еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Бірі жер қойнауында, бірі егіс даласында, енді бірі құрылыс басында жүріп, қоғамның қалыпты тынысын қамтамасыз етеді. Ал осындай елеусіз көрінетін еңбекті таспаға түсіріп, уақыттың еншісіне қалдырған жандардың еңбегі бөлек. Қырық жылға жуық шығармашылық жолында еңбек адамдарының бейнесін фотоға түсірген ардагер фотограф Нұрманбет Қизатұлы үшін әр кадр – адамның ғана емес, тұтас дәуірдің дерегі. 

Еңбек адамы күніне орай фотографпен оның естеліктері, ұмытылмас кадрлары және фотоөнердің тарихи жадыдағы рөлі жайлы әңгімелестік.

– Сіз еңбек адамдарының өмірі мен еңбегін көп жыл бойы фотоға түсірдіңіз. Фотограф ретінде қарапайым еңбек адамының бойынан ең алдымен нені байқайсыз?

– Біз кейіпкерді өз бетімізше тосыннан барып түсіре салмаймыз. Әдетте, ол еңбек ететін үлкен ұйымның басшылары арқылы танысып, кейіпкердің атқарып жүрген жұмысы, жетістіктері туралы азды-көпті мәлімет алып, соған қарай түсірілімнің бағытын белгілейміз. Яғни, белгілі бір режиссуралық әрекеттер жасап, композициясын келтіруге тырысамыз.

Бірақ мен көрген нәрсені сол күйінде көшіріп қана қоймаймын. Кейіпкердің болмысын, еңбегін сурет арқылы ашуға тырысамын. Кейде осындай сәттер ұзаққа созылып кетсе, кейіпкер де «суретке емес, киноға түсіріп жатқандайсыз ғой» деп әзілдеп, «осы да жетер» деп ыңғайсызданатын кездер болады.

Бұл, меніңше, оның суретке түсуді ұнатпағанынан емес. Өзінің істеп тұрған жұмысының аз уақытқа болса да тоқтап қалғанына қынжылады. Өйткені еңбек адамы үшін жұмысынан бөліну оңай емес. 

Сондықтан фотограф үшін ең маңыздысы – кейіпкердің табиғи қалпын бұзбай, оның еңбегін барынша шынайы жеткізу. Адамның сыртқы бейнесін ғана емес, оның еңбегіне деген көзқарасын, сол ортадағы болмысын да бір кадр арқылы көрсете білу керек.

– Сіздің архивіңізде түрлі салада еңбек еткен адамдардың көптеген фотосы бар. Есіңізде ерекше қалған еңбек адамы немесе түсірілім оқиғасы туралы айтып берсеңіз.

– 1970 жылдары аудандық газетте жұмыс істеп жүрген кезімде шопандар қыстауына барып, олардың бір күндік тұрмыс-тіршілігін көрсету мақсатында материал дайындадым.

Ертеңгісін қорадан шығып, өріске шашырап жатқан отардың шетінде жайылып жүрген қойларды көрдім. Сол кезде шопан итін шақырып, «Ақтөс! Ақтөс! Айтақ!» деп, итінің бағыт-бағдарын нұсқап, қамшысын сілтеген сәтін суретке түсіріп, газетке жарияладым.

Газеттің сол нөмірі сол кездегі бақылаушы комитеттердің бірінің  қызметкерлерінің қолына тигенде, суретті көріп, үлкен шу шықты. «Кеңестік социалистік қоғамның идеологиясына жат элементтерді енгізіп отырған, не деген көргенсіздік!» деген сын айтылды. Тіпті осы сурет үшін мені соттау мәселесі де сөз болған.

Абырой болғанда, көңілі түзу, жағдайды түсінген бір адам араға түсіп, менің жазадан аман қалуыма себеп болды.

Сол кездегі қоғамда идеологияға деген көзқарас осындай деңгейде еді. Ал мен үшін бұл оқиға қарапайым еңбек адамының шынайы бейнесін көрсету кейде қандай тәуекелге алып келуі мүмкін екенін көрсеткен ерекше жағдай болып қалды. 

– Кейіпкерді суретке түсіргенде оның еңбегін бір ғана кадр арқылы көрсету қаншалықты қиын? Еңбек адамының шынайы болмысын ашу үшін қандай сәтті іздейтін едіңіз?

– Кейіпкердің еңбегін, жұмысын, сыртқы сипатын көрсету тұрғысынан қараған дұрыс деп ойлаймын. Мұнда кейіпкердің өзі ғана емес, оны қоршаған орта да маңызды. Кейде контраст жасау үшін қосымша детальдар мен жанама көріністерді пайдалануға болады.

Кадрдың сапалы шығуына осындай ұсақ көріністердің де маңызы зор. Мәселен, кейіпкердің атқарып жатқан жұмысының бір бөлшегін, қолындағы құралын немесе айналасындағы ортаны фон ретінде алып, оны кейіпкермен байланыстыра көрсетуге болады. Сонда адамның кәсібі мен болмысы бір-бірімен сабақтасып, кейіпкерді тереңірек ашуға мүмкіндік береді.

Меніңше, фотографтың міндеті – адамды жай ғана суретке түсіру емес. Бір кадрдың ішінде оның болмысын, еңбегін және өмір сүріп отырған ортасын қатар жеткізе білу. Сонда суретте еңбек адамының сыртқы бейнесі ғана емес, оның күнделікті тіршілігі мен кәсібінің мәні де көрінеді. Өйткені, бір кадр – бір дәуірдің дерегі.

–  Сіз түсірген фотолардың арасында маңдай терімен елге қызмет еткен жұмысшылар, диқандар, құрылысшылар, малшылар секілді мамандар бар. Сол адамдардың қандай қасиеті сізге ерекше әсер етті?

–  40 жылдай еңбек жолымда жер астына түсіп, шахтерлерді түсіргеннен басқа, жер мен көктің арасындағы талай еңбек адамын қамтыған сияқтымын. Әртүрлі салада еңбек ететін адамдармен кездесіп, олардың тіршілігін, күнделікті еңбегін көзбен көрдім.

Суретке түсірген адамдардың көбісі өз ісіне сүйсініп, еңбегінен ләззат алатын жандар еді. Олар мені жақын тартып, ризашылығын білдіріп, кейін де араласып тұруға ниет танытатын. Бұл, бір жағынан, олардың да, менің де мамандық таңдауда жаңылмағанымызды көрсетеді деп ойлаймын.

Адамның өз еңбегін суреттен көріп, оған қуанып, фотографқа ризашылығын білдіруі – мен үшін үлкен марапат. Өйткені бұл олардың еңбегін дұрыс көрсете алғанымды білдіреді. Ал өз кезегінде, менің де осы мамандықты таңдап, қателеспегенімді сезіндіреді.

– Уақыт өте келе көптеген еңбек адамдарының есімі ұмытылуы мүмкін. Сіздің ойыңызша, фотосурет олардың еңбегін тарихта сақтап қалуда қандай рөл атқарады?

– Иә, зырылдаған уақыттың өзі өткен күндер оқиғаларын ұмыттыру үшін араға кірген ұры сияқты. Әйтсе де, сол әрекетке қарсы тұратын дүниенің бірі – осы сурет.

Сурет – тарихи оқиғалар мен сол кезеңнің жәдігерлерін ғасырдан ғасырға жеткізетін құрал ғана емес, өткен тарихымыздан сақталған салт-сананың жасампаз жаңғырығы, деректі дәйегі деуге болады.

Фотоөнердің бұлақ көзін ашып, оның өрісін кеңейтуге, келешек келбетін қалыптастырып, тарихта қалдыруға да еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Соның бірі – «Фотоөнер» бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы. Ол бірнеше фотодастанның жарық көруіне септігін тигізіп, қоғамымыздың болмысы мен бейнесін тарих бетінде қалдыруға үлес қосты.

Қоғамдық болмысымыз бен заман бейнесінің тарихта сақталуында суреттің рөлі осындай. Бір ғана кадр кейде тұтас бір дәуірдің үнін, тынысын, адамын және оның өмірін кейінгі ұрпаққа жеткізе алады.


Фото: photooner.kz

– Бірнеше онжылдықты қамтитын шығармашылық жолыңызға көз жүгірткенде, өзіңіз үшін ең қымбат болған кадрлар мен кәсіби жолыңыздағы есте қалған сәттерді айтып беріңізші?

– Жасампаз идеяларымен халқына қымбат мұра қалдырған, тау тұлғалы қазақтың біртуар асыл перзенті Дінмұхамед Қонаевты өмірінің соңғы жылдарында, үйінен көп ұзай алмай, қатаң тәртіппен өмір сүріп жүрген кезінде суретке түсіруге барған едім.

Әлі күнге дейін көз алдымда. Ашылған есіктің ар жағында, босағада адамның бойындай ағаш бұталары тұр. Сол бұталардың арасынан жылтылдаған көк-жасыл алау көрінеді. Ал сол алаудың арасынан қызыл жібек халат киген Димаш аға бізге күлімсіреген күйі қарап тұр.

Отқа оранғандай болған әлгі көрініс әп-сәтте көзден ғайып болып, бәрі қайтадан өзінің бұрынғы қалпына түсті. Бірақ мен көрген сол бір сәт жадымда мәңгі сақталып қалды.

Мен мұндай сиқырлы сәтті өмірімде бұдан кейін көрген жоқпын. Кейде фотограф үшін ең қымбат кадрды алдын ала жоспарлау мүмкін емес. Ол бір сәтте өздігінен пайда болады. Сенің міндетің – сол сәтті байқап, жоғалтып алмай, кадрға түсіріп үлгеру.

– Бүгінгі жас фотографтарға және жалпы жастарға еңбек адамына қарау, оның еңбегін бағалау туралы қандай ой айтар едіңіз?

– Алла жаратқан адамзаттың парасатын, бүгінгі күннің болмысын алдағы келер дәуірге аман жеткізу аманатын арқалаған суретшілер қауымының жүгі ауыр. Сондықтан сурет түсіруді жай ғана әуестікке айналдырмай, оған үлкен жауапкершілікпен қараған жөн.

Жастар алтын іздеп, тау қопарып, тас жарған кеншідей қажымай, қайрат танытып, үздіксіз ізденуі керек. Фотографияда да дайын дүниеге тоқмейілсімей, үнемі жаңа қыр іздеген дұрыс.

Ең бастысы – түсірген әр суретіңе өзің қатал сыншы бола білу. Өз жұмысыңа сырт көзбен қарап, кемшілігіңді мойындап, оны түзетуге ұмтылсаң, нәтиже де жаман болмайды. Фотограф үшін ізденіс пен талап ешқашан тоқтамауы керек. Өйткені еңбек адамын түсіріп тарихта қалдыратын фотографтың өзі де бір еңбек адамы.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! 

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Comments
Other materials