Ильхам Әлиев әлемдегі екі алып держава туралы айтты. "Үшіншісі жоқ" деді

191
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cGHPPsrKs1MZkzmYvT62Y8oVZLbqe5cpiYrJ5RQb.jpg

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әлемде екі ғана алып держава бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, олар – АҚШ пен Қытай. Бұл ретте Әлиев Ресейдің атын атамады. Әлиев бұл мәлімдемені 2 қазан күні «Жаңа Әзербайжан» партиясының VIII съезінде айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Ол соңғы уақытта Әзербайжан Қытаймен де, АҚШ-пен де стратегиялық серіктестік орнатқанын айтты.

«Бұлар – әлемдегі екі алып держава, үшіншісі жоқ», – деді Әзербайжан президенті.

Әлиевтің сөзінше, АҚШ пен Қытай арасында белгілі бір бәсекелестік бар. Оның пікірінше, екі елдің өзара келісімге келіп, ортақ ережелер қалыптастыруы бүкіл әлем үшін маңызды фактор болуы мүмкін.

Ильхам Әлиевтің айтуынша, Әзербайжан Еуропалық Одаққа мүше он мемлекетпен стратегиялық серіктестік орнатқан.

Президент ел халқы мен аумағы салыстырмалы түрде шағын болғанына қарамастан, Әзербайжанның басқа мемлекеттердің сеніміне ие екенін атап өтті.

«Біз не айтсақ та, соны орындаймыз. Біз ешқашан қосарлы саясат жүргізген жоқпыз», – деді Әлиев.

Ол сондай-ақ Әзербайжанның сыртқы саясатта «абыроймен» әрекет етуге және эмоцияға берілмеуге ұмтылатынын айтты.

Бұған дейін Әзербайжан Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеген. Ильхам Әлиев тәуелсіздікке ұмтылып, өзінің ұлттық болмысын сақтағысы келетін халықты күш қолдану арқылы жеңу мүмкін емес екенін айтқан.

Comments