Ғылыми байқаудағы жеңіс күмән тудырды. Жұмыста ЖИ қолданылды ма?

104
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/f40RaRj6bjw6hxeezZ1mVLWzusSpfTvPEjCUhl74.webp

Фото: NIKON/DR NING XU

Ғылыми фотосуреттер мен бейнематериалдарға арналған беделді Nikon Small World In Motion байқауының биылғы жеңімпаз жұмысы жасанды интеллект қолданылған болуы мүмкін деген күдікке байланысты қайта тексеріліп жатыр. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Байқауға микроскоп арқылы түсірілген ғылыми фотосуреттер мен бейнематериалдар ұсынылады. Биыл бірінші орынды Қытайдағы Цинхуа университетінің зерттеушісі, доктор Нин Сюйдің қысқа бейнеролигі иеленген.

Сюй ұсынған жұмыста сирек кездесетін аурумен ауыратын баланың тыныс алу жолдарындағы кірпікшелердің қозғалысы көрсетілген. Кірпікшелер – тыныс алу жолдарының ішкі бетін қаптайтын, түкке ұқсас өте ұсақ құрылымдар. Олар тыныс алу жолдарын бөгде бөлшектерден тазартуға көмектеседі.

Бейнероликте бұл құрылымдар өте ашық әрі қанық түстермен көрсетілген. Мұндай түстерді микроскопиялық зерттеулерде қолдану қалыпты тәжірибе саналады және байқау ережелері бойынша рұқсат етілген.

Алайда жұмыстың техникалық өңделуіне қатысты сұрақтар туындаған.

Нин Сюй байқау жұмысына жасанды интеллекттің белгілі бір кезеңде қолданылғанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, AI сұр реңктегі реконструкцияланған кескіндердің ерекшеліктерін айқындап, оларды визуализациялау үшін пайдаланылған.

Сонымен бірге зерттеуші жасанды интеллекттің эксперименттік бейнені, кірпікшелердің өзін немесе олардың қозғалысын жасауға қолданылмағанын мәлімдеді.

Яғни Сюйдің түсіндіруінше, AI бастапқы ғылыми материалды ойдан құрастыру үшін емес, дайын деректерді өңдеп, көрнекі ету үшін пайдаланылған.

Ғалымдар қандай күмән келтірді?

Бірқатар ғалымдар бейнедегі кейбір детальдарға назар аударып, оның түпнұсқалығына күмән келтірді.

Олардың айтуынша, видеодағы кейбір құрылымдар жасушалардың қалыпты құрылысы мен қозғалысына сәйкес келмейді. Сонымен қатар кейбір кірпікшелер шынайы биологиялық құрылымдарға қарағанда тым үлкен болып көрінеді.

Флорида университетінің доценті Эдвард Фелпс кейбір құрылымдардың бейнеде бір сәтте пайда болып, кейін жоғалып кететінін атап өтті. Оның пікірінше, кейбір кірпікшелер «жоқ жерден пайда болғандай» көрінеді.

Ал Техас университетінің Оңтүстік-Батыс медициналық орталығының аспиранты Иэн Донован бастапқы кескінде генеративті жасанды интеллект қолданылғанын көрсетуі мүмкін деген таңба байқалғанын айтты.

Жұмыстың шынайылығына байқау қазылар алқасының бұрынғы екі мүшесі де күмән келтірген.

Nikon не дейді?

Nikon компаниясы жағдайды тексеріп жатқанын мәлімдеді. Компанияның айтуынша, Нин Сюй тексеру процесімен толық ынтымақтасып, қосымша техникалық құжаттарды ұсынған.

Әзірге Nikon байқау ережелерінің бұзылғанына нақты дәлел жоқ деп отыр.

«Қазіргі уақытта қандай да бір ереженің бұзылғанын көрсететін белгілерді байқап отырған жоқпыз», – делінген компания мәлімдемесінде.

Компания тексеру нәтижесін жақын арада жариялауға уәде берді.

Ғылыми бейнелер байқауларында материалдың тек көркем әрі әсерлі болуы жеткіліксіз. Жұмыстың нақты ғылыми деректерге негізделуі және байқау талаптарына сәйкес келуі маңызды.

Small World 2026 байқауында бесінші орын алған доктор Патрик Хики мұндай байқауға қатысу ғалымдар үшін үлкен кәсіби мойындалу екенін атап өтті. Оның айтуынша, байқаудағы жетістік ақшалай сыйлықтан да маңызды болуы мүмкін.

Егер жеңімпаз жұмыста жасанды интеллект байқау ережелеріне қайшы түрде қолданылғаны дәлелденсе, бұл басқа қатысушылардың еңбегіне қатысты әділеттілік мәселесін туындатуы мүмкін.

Comments
Other materials