Flydubai оқиғасынан кейін Нетаньяху Израильдегі әуе қауіпсіздігін тексеруді тапсырды

185
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/K91bFMDTmXvHw19P693jNEOYcmtyq3QGF87RIjc1.webp

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының рейсінде болған оқиғадан кейін Израильге шетелдік азаматтық әуе тасымалдарына қатысты қауіпсіздік шараларын жан-жақты тексеруді тапсырды. Бұл туралы Fox News жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің директоры Шмуэль Бен-Эзраға Израильге шетелдік азаматтық әуе тасымалдарына қатысты қауіпсіздіктің барлық аспектісіне кешенді тексеру жүргізу үшін сарапшы тағайындауды тапсырды», – делінген хабарламада.

Ал Haaretz басылымы соңғы жылдары Израильдің қауіпсіздік құрылымдары Көлік министрлігіне шетелдік әуе компаниялары экипаждарын бақылау және жолаушылардың жеке басын тексеру жүйесіндегі осал тұстар туралы бірнеше рет ескерту жасағанын жазды.

Басылымның мәліметінше, Израильдің жалпы қауіпсіздік қызметі — «Шин Бет» бұған дейін шетелдік әуе компаниялары мен олардың экипаждарына бақылау жүргізу міндетін Азаматтық авиация басқармасына беруді ұсынған. Алайда Көлік министрлігі бұл ұсынысқа қарсы шығып, бақылау тетігін өз қарамағында қалдырған.

12-арнаның хабарлауынша, көлік министрі Мири Регев соңғы айларда жасалған осындай үш ескертуді елемеген. Телеарна мәліметінше, ескертулер Регевтің өзіне, Көлік министрлігіне және Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне жолданғанымен, ешқандай шара қабылданбаған.

Сәрсенбі күні Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының ұшағы төтенше жағдай туралы белгі беріп, біраз уақыттан кейін Сауд Арабиясына шұғыл қонған еді. Кейін әуе компаниясы ұшу кезінде екі ұшқыштың арасында төбелес болғанын растады.

Comments