Жеті жылдағы жетістіктер

299
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/v0P0FFU3yofa9ZI9AlC5YjVMblKXeR0WknSFT8yf.png

Соңғы жеті жылда қазақ өнерінің өрісі кеңейіп, ұлттық мұраға деген халықаралық қызығушылық артты. Әлем сахналарындағы табыстармен қатар, ел ішінде мәдениет үйлері бой көтерді, театрлар жаңарып, төл әдебиет пен тарихты арқау еткен туындылар дүниеге келді. Осы кезеңдегі өзгерістер мәдениетті дамытуға арналған іргелі жұмыстың халыққа жеткен игілігін танытады.

Қазақстан өнерін әлемге танытуда музейлердің үлесі айрықша болды. Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің қорындағы туындылар шетелдік көрмелерге қойылып, 2025 жылы Третьяков галереясында ұсынылды. Отандық жобалар Венеция биенналесінде, Париждегі Гиме Азия өнері музейінде таныстырылды. Қытайдың Тяньцзинь музейінде өткен «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі қазақтың тарихы мен мәдениетін шетелдік көрерменге танытты.

2025 жылы Бейжіңде Қазақстан мәдениет орталығы ашылып, екі елдің өнер саласындағы ынтымақтастығына жаңа мүмкіндік берді. Сол жылы Ақтау Түркі әлемінің мәдени астанасы атанды. Ашғабатта Құрманғазы мен Абайдың ескерткіштері, Душанбе мен Қазанда Абайдың бюсттері ашылды. Бұл жобалар қазақтың ұлы тұлғаларының мұрасын шетелде дәріптеуге жол ашты.
Қазақстандық орындаушылардың халықаралық байқаулардағы жеңістері де ел өнерінің мерейін өсірді. Италия, Ресей, Беларусь, Латвия және БАӘ сахналарында өнерпаздарымыз Гран-при мен бірінші орындарды иеленді. Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында мыңдаған көрермен алдында өнер көрсетуі осы табыстардың қатарын толықтырды.

Ұлттық мұраның халықаралық деңгейде мойындалуы ЮНЕСКО тізімдерінен де көрінеді. Бүгінде Қазақстанның 15 тарих және мәдениет ескерткіші Бүкіләлемдік мұра тізіміне төрт аталым бойынша енген. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалының жартастағы суреттері бар. 2026 жылы бұл тізімге Маңғыстаудың жартасты мешіттері де қосылды. Бекет ата, Қараман ата, Шопан ата, Шақпақ ата және Сұлтанүпі жерасты мешіттері әлемдік мұраның бір бөлігі ретінде танылды.

Материалдық емес мәдени мұраның репрезентативтік тізіміне қазақ халқының 14 мұра элементі енгізілген. Оның алтауы тек қазақ мәдениетіне тән болса, сегізі басқа елдермен бірлесіп енгізілген. Күйшілік өнер, айтыс, киіз үй жасауға қатысты дәстүрлі білім мен ғұрыптар осы тізімде бар. 2024 жылы олардың қатарына «Беташар» қосылды. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен дәстүрлердің халықаралық деңгейде бағалануы оларды сақтаудың және кейінгі буынға үйретудің маңызын арттыра түседі.

Өнер иелерінің еңбегін бағалауда да маңызды шешімдер қабылданды. Отыз жылға жуық үзілістен кейін «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы қайта белгіленді. Алты жыл ішінде он республикалық мәдениет мекемесіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. «Гүлдер» ансамблі жаңғырып, Мемлекеттік классикалық гитарашылар квинтеті мен «Бірлік» көпұлтты ұжымы құрылды.
Төл тарих пен әдебиет жаңа сахналық туындыларға арқау болды. «Астана Балет» театры «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және «Алтынгүл» балеттерін ұсынды. Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда «Жошы хан» тарихи драмасы сахналанды. «Астана Операда» «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы, Абай атындағы театрда Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы желісімен «Ақбала» балеті қойылды. Төл әдебиет пен тарихты сахна тілімен сөйлеткен бұл қойылымдар ұлттық өнердің мазмұнын байытты.
2025 жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы және Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы кеңінен аталып өтті.

Отандық киноның өркендеуіне 2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» заң негіз болды. 2019-2025 жылдары мемлекеттік қолдаумен 149 киножоба іске асырылып, оның 124-і аяқталды. Мемлекеттік қолдау қаражатының шамамен 30 пайызы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жобаларына бағытталады. Киностудия жобаларын бірлесіп қаржыландыру кезінде қаражаттың 50 пайызы мемлекеттік қолдаудан, 50 пайызы жеке қаржыдан құралады.
Қазақстандық фильмдерге көрермен ықыласы да артып отыр.

2024 жылы 94 отандық фильм прокатқа шықса, 2025 жылы олардың саны 103-ке жетті. Сол жылғы жалпы кассалық түсім шамамен 30 млрд теңгені құрады. «Қайтадан» фильмінің түсімі 1 млрд теңгеден асты.
Халықаралық кинофестивальдерде де қазақстандық туындылардың беделі артты. «Ақын» фильмі Токио халықаралық кинофестивалінде үздік режиссура үшін жүлде алды. Фархат Шәріповтің «Схема» фильмі Берлин кинофестивалінің Generation бөлімінде Гран-при иеленді. 2024 жылы жеті ұлттық фильм жалпы саны 34 халықаралық марапат алды. «Бауырына салу» Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Қазақстан киносының күндері Франция, Италия, Жапония және басқа да елдерді қамтып, 30-дан астам мемлекетте өтті.
Ұлттық анимация мен қазақ тіліндегі киноға да көңіл бөлініп келеді. «Қазақанимация» бірлестігі балалар мен жастарға арнап, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге негізделген «Тазы» жобасын әзірлеп жатыр.
Өнердің өрісін кеңейтуде ел ішіндегі мәдениет мекемелерінің жаңаруы ерекше орын алады. 2019-2026 жылдары Қазақстанда 312 мәдениет нысаны салынып, пайдалануға берілді. Олардың ішінде 161 мәдениет үйі, 89 ауылдық клуб, үш театр, 15 музей және он кітапхана бар. Бүгінде елімізде барлығы 3 092 мәдениет нысаны жұмыс істейді. Жаңа ғимараттар тұрғындардың өнерге жақындауына, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасады.

Жаңа мәдениет нысандары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы мен өңірлік даму жоспарлары аясында да салынды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, ауылдардағы мәдениет үйлерін жабдықтау жұмысы жүргізіліп келеді.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр, Түркістан музыкалық-драма театры және Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы театр жаңа ғимараттарға көшті. Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіне демеушілер қаражаты есебінен күрделі жөндеу жүргізілді. Түркістан облысында «Ордабасы», «Гауһар ана» сапар орталықтары салынып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу орталығы құрылды. Түркістанның рухани, тарихи-мәдени және туристік орталық ретіндегі ерекше мәртебесі заңмен бекітілді.
Өнер саласында білім алатын жастарға да жаңа мүмкіндіктер ашылды. Петропавлда Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылды. Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды.

Бұл жетістіктердің түпкі мәні – халықтың рухани өмірін байыту. Жеті жылда атқарылған жұмыс ұлттық мұраны сақтауға, шығармашылыққа кең өріс ашуға және қазақ өнерін дүние жүзіне танытуға қызмет етті.

Comments