Өлімнен оралды. 2 инъекциядан тірі қалған адам есін жиды

188
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dXHGUcfQW3DJ9BnkMYWkJtmVGi6rTjwhQqgjhYpN.webp

АҚШ-та өлім жазасына кесілген 50 жастағы Криста Пайк өлімге әкелетін екі инъекциядан кейін тірі қалып, есін жиған. Бұл туралы оның адвокаттары мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Айтуынша, Пайк қазіргі уақытта Теннесси штатындағы аурухананың жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Өткен аптада оған өлім жазасын орындау мақсатында екі рет пентобарбитал препараты енгізілген. Алайда дәрі оның өмірін жалмамаған. Осы уақыт бойы дәрігерлер оның ағзасынан пентобарбиталды шығарумен айналысқан.

АҚШ заңнамасына сәйкес, өлім жазасына кесілген адамға мұндай екі инъекция ғана жасалуы мүмкін. Адвокаттардың мәліметінше, Пайк алған жарақаттарына қарамастан, ауруханада кісен мен шынжырға байланып жатыр.

Өлім жазасын орындау барысында қорғаушылар әйелдің тамырларының анатомиялық ерекшеліктері процедураны қиындатып, оған артық азап әкелуі мүмкін екенін ескерткен болатын.

Адвокаттардың айтуынша, екі рет орындалған өлім жазасы әрекетінен кейін тірі қалып, есін жиған адамның жағдайы медицина тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға саналады. Дәрігерлер оның жағдайына қатысты нақты болжам жасай алмай отыр, алайда ұзақ уақытқа созылатын оңалту кезеңі күтіледі.

Қорғаушылардың мәліметінше, Криста Пайк — АҚШ тарихында өлім жазасын толық орындау әрекетінен кейін тірі қалған алғашқы адам.

Теннесси билігі өлім жазасын қайта орындауға қатысты мәлімдеме жасамады. Дегенмен, штат губернаторы Билл Ли жыл соңына дейін барлық өлім жазасын орындауды тоқтатқан. Сонымен қатар штаттың қылмыстық-атқару жүйесінің басшысы қызметінен кететінін мәлімдеген.

Пайктың адвокаты Стивен Феррел губернаторды оның өлім жазасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға шақырды. Айтуынша, Пайк 30 жылдан астам уақыт түрмеде отырған, оның көп бөлігін жалғыз камерада өткізген.

Криста Пайк 18 жасында сол кездегі 17 жастағы жігіті Тадарил Шипппен бірге 19 жастағы Коллин Слеммерді азаптап өлтіргені үшін сотталған. Ол Теннесси штатында соңғы 200 жылда өлім жазасына кесілетін алғашқы әйел болуы тиіс еді.

АҚШ-тың пенитенциарлық жүйесі әзірге екі өлімге әкелетін инъекцияның неге әсер етпегені туралы ресми түсініктеме берген жоқ.

Қорғаушылармен жұмыс істеген анестезиолог Джоэл Зивоттың пікірінше, енгізілген екі доза пентобарбитал адамның өліміне жеткілікті болған. Оның болжамынша, препарат көктамырға емес, тері астына жіберілген болуы мүмкін. Соның салдарынан дәрі қан айналымына түспей, тері астындағы тіндерге тараған.

Адвокаттар бұған дейін Пайктың денсаулық жағдайы мен тамырларының ұсақ болуы өлім инъекциясы кезінде қажетсіз ауырсыну мен азапқа әкелуі мүмкін екенін айтқан.

Дәрігерлер әзірге екі өлімге әкелетін дозаның оның денсаулығына қандай салдар тигізетінін нақты білмейді. Мамандардың пікірінше, оған медициналық көмектің кеш көрсетілуі ми зақымына әкелуі мүмкін. Мұны анықтау үшін толық неврологиялық тексеру қажет.

Фордхем университетінің профессоры әрі криминолог Дебора Денно бұл жағдайды «бұрын-соңды болмаған оқиға» деп атады. Оның айтуынша, Пайк өлім инъекциясынан кейін аман қалған сегізінші адам болғанымен, алдыңғы жеті жағдайда орындаушылар сотталғандардың тамырына препаратты енгізе алмаған. Ал Пайк — ағзасына улы зат нақты енгізілгеннен кейін тірі қалған жалғыз адам.

Comments