Қазақстан Орталық Азияға мұнай өнімдерін экспорттауды көздеп отыр

179
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tvCJsJaiCDTZ8JUrCXpDItdX0MXkeT85ho46oT2d.webp

Қазақстан 2030 жылға қарай ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етіп, оларды Орталық Азия елдеріне экспорттау мүмкіндігіне ие болуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Депутат Станислав Щербаковтың сұрағына жауап берген министр қазіргі уақытта Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейтінін айтты.

Өткен жылы аталған кәсіпорындар 18,4 млн тонна мұнай өңдеп, шамамен 15,5 млн тонна мұнай өнімін өндірген. Ақкенженовтің сөзінше, отандық өндіріс ішкі нарықтағы сұраныстың 90 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Алайда Қазақстан әзірге авиациялық отынға деген қажеттілікті толық өтей алмай отыр.

«Біз жыл сайын авиаотынмен қамтамасыз ету мәселесіне тап боламыз. Қазіргі таңда Ресейден шамамен 300 мың тонна авиациялық отын импорттаймыз. Бұл келісім Ресей аумағынан авиаотынды кедендік бажсыз әкелуге мүмкіндік береді», – деді министр.

Елде сондай-ақ шамамен 25 шағын мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді. Дегенмен, Энергетика министрлігінің басшысы олардың басым бөлігі Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сай келетін, экологиялық класы К4-тен төмен емес және күкірт мөлшері белгіленген деңгейден аспайтын отын өндірмейтінін атап өтті.

Ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін Қазақстан қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттырмақ. Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін екі есе ұлғайту жоспарланған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін 2026 жылдың соңына дейін аяқтап, кейін оны іс жүзінде жүзеге асыру көзделіп отыр.

Павлодар мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына қосымша 2 млн тоннаға арттыру жоспарлануда. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында қолданыстағы шектеулерді жою, соның ішінде дизель отынын гидротазартудың қосымша желілерін салу көзделген.

Бұдан бөлек, Қазақстан жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіндігін қарастыруда. Ықтимал орындар ретінде Ұлытау, Атырау және Маңғыстау облыстары зерттеліп жатыр.

«Қазір кеңесшілер тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін техникалық, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелер толық шешіледі деп күтіп отырмыз», – деді Ақкенженов.

Энергетика министрлігінің болжамынша, мұнай өңдеу қуаттарын кеңейту Қазақстанға 2030 жылға қарай ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, дайын мұнай өнімдерін Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.

Талқылау барысында депутат Аббат Орысбаев Ресейден жеткізілімдер қысқарған жағдайда Қазақстанның басқа елдерден мұнай өнімдерін сатып алу мүмкіндігі бар-жоғын сұрады.

Ақкенженов мұндай мүмкіндік бар екенін, алайда Еуропадан жеткізілетін мұнай өнімдерінің бағасы отын құны мен күрделі логистикаға байланысты едәуір қымбат болатынын айтты.

«Еуропа елдерінен мұнай өнімдерін импорттаған жағдайда логистикалық қиындықтар туындауы мүмкін. Отынды алдымен Қара теңіз арқылы жеткізіп, кейін вагондарға құйып, Қазақстанға тасымалдау қажет болады. Бұл қосымша логистикалық шығындарға әкеледі», – деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда Ресейден жеткізілетін өнімдер тиімдірек, өйткені екі елдің ортақ шекарасы бар және ресейлік мұнай өңдеу зауыттарының көпшілігі шекара маңында орналасқан.

«Біздің ортақ шекарамыз өте ұзын, ал мұнай өңдеу зауыттары негізінен шекара бойында орналасқан. Бұл мұнай өнімдерін Қазақстанға жедел жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Ақкенженов.

Ақкенженовтің айтуынша, Ресеймен жасалған келісімді ратификациялау мұнай өнімдерін жеткізудегі экономикалық әрі логистикалық мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Comments