Бельгия королі Air Astana ұшағымен, әдеттегі рейспен келді

265
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ZQ8Ro990xwkYQnf8waBYNaMxV6DEk0Fkxw3xc9PZ.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бельгиялықтар королі Филипп пен патшайым Матильданы елорда әуежайынан қарсы алды. Бұл туралы 11 қазанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мәртебелі меймандарды салтанатты түрде қарсы алу үшін ұшу алаңында Құрмет қарауылы ротасы мен Президенттік оркестр сап түзеді.

Бейнежазбалардан Бельгия королінің Астанаға Air Astana ұшағымен келгенін байқауға болады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда оның әдеттегі рейске отырғаны түсірілген.

Әуежай залында Қазақстан президенті құрметті қонақтармен аз-кем әңгімелесті. Мемлекет басшысы король мен патшайымның елімізге сапары Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын одан әрі нығайту тұрғысынан тарихи мәнге ие екеніне назар аударды.

«Қазақстанға қош келдіңіздер! Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады»,– деді президент.

Король Филипп қонақжайлық көрсеткені үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі жоғары деңгейде өтетін келіссөздер табысты болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ екі елдің сан қырлы серіктестігін тереңдетудің маңызын атап өтті.

«Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін»,– деді ол.

Comments