Зеленский Ресеймен кез келген форматта келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты

243
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HCl9FDYCu7qYJSlsb1n57OYpH1pt3OjfRENmW9ep.jpg

Фото: pixabay.com

Украина Ресеймен кез келген форматта және кез келген елде келіссөз жүргізуге дайын. Оның ішінде Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуі де бар. Бұл туралы Зеленский X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Оның айтуынша, АҚШ келесі аптада Украина мен Америка делегацияларының кездесуін өткізуді ұсынған.

«Біз кез келген жерде және кез келген форматта: үшжақты, екіжақты, төртжақты немесе “бес және одан да көп” форматында келіссөз жүргізуге дайынбыз. Ең бастысы – бейбітшілікке қол жеткізу», – деп жазды Украина президенті.

Зеленский АҚШ-тың Ресей президенті Владимир Путинге қысымды күшейткенін қалайтынын атап өтті. Оның пікірінше, қысым Киевке емес, Мәскеуге бағытталуы керек. Әйтпесе, мұндай ұстаным әділетсіз болмақ.

Сондай-ақ Украина басшысы Ресеймен келіссөз жүргізу үшін Еуропаның жеке дипломатиялық арнасын құру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, соғысты тоқтату үшін барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.

Бұдан бөлек, Киев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен теңіздегі қауіпсіздік пен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша жеке келіссөз өткізуді жоспарлап отыр. Украина тарапы Таяу Шығыс елдерінің өкілдерімен де жағдайды талқыламақ.

Зеленскийдің мәліметінше, АҚШ Украина мен Ресейдің қатысуымен үшжақты кездесу өткізуді қарастырып жатыр. Кездесу өтетін ықтимал орындардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы бар. Сондай-ақ келіссөздерді АҚШ-та, «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті кезінде немесе Еуропа елдерінің бірінде өткізу нұсқасы қарастырылуда.

Алайда Зеленский әзірге Мәскеу де, Вашингтон да мұндай кездесудің өтетінін ресми түрде растаған жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, Еуропа елдері де осы мәселеге қатысты байланыстарды бастады.

Comments