Еуропарламент адам құқықтары мен демократияны қорғауға қосқан үлесі үшін Сахаров атындағы сыйлықты Халықаралық қылмыстық сотқа табыстады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.
Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі сотқа қарсы санкциялар енгізгеннен кейін қабылданды.
Биылғы марапатқа үміткерлердің қысқа тізіміне Танзанияның қамаудағы оппозициялық саясаткері Тунду Лиссу және Ирандағы наразылықтарға қатысқан апалы-сіңлілі Таране мен Ромина Рахими де енген.
Тунду Лиссу — «Демократия және прогресс үшін» оппозициялық партиясының жетекшісі. Ол еркін сайлау өткізуді, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуді және Танзаниядағы саяси зорлық-зомбылықты тоқтатуды қолдайды. 2025 жылдан бері қамауда отырған саясаткерге мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылып, өлім жазасы қаупі төніп тұр.
Ал Рахими есімді апалы-сіңлілі қыздар биыл қаңтарда Иранда өткен үкіметке қарсы наразылықтарға қатысқаннан кейін жоғалып кеткен. Кейін олардың Ислам революциясы сақшылары корпусы тарапынан ұсталып, түрмеге қамалғаны белгілі болған. Туыстарының мәліметінше, Таране өлім жазасына кесілген, ал Ромина 25 жылға бас бостандығынан айырылған.
9 қазанда Дональд Трамп әкімшілігі Халықаралық қылмыстық сотқа қарсы санкциялар жариялады. АҚШ билігі сотты америкалықтар мен израильдіктерді негізсіз қудалады деп айыптаған. Алайда АҚШ пен Израиль ХҚС юрисдикциясын мойындамайды.
Бұған дейін АҚШ Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қамауға алуға ордер бергені және Ауғанстандағы америкалық әскери қызметшілердің әрекеттеріне қатысты тергеу жүргізгені үшін соттың оннан астам судьясы мен прокурорына жеке санкциялар салған. Ауғанстандағы әрекеттерге қатысты тергеу кейін тоқтатылған.
Жаңа шектеулер аясында АҚШ билігі Халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтасатын америкалық компанияларға да шара қолдана алады.
Сол күні, АҚШ санкциялары жарияланардан бірнеше сағат бұрын, Оңтүстік Африка Республикасынан шыққан ХҚС-тың бұрынғы судьясы Наванетхем «Нави» Пиллэйдің Нобель бейбітшілік сыйлығына ие болғаны белгілі болды. Ол әскери қылмыстар мен геноцидке қарсы күреске қосқан үлесі үшін марапатталған. Бұл шешім де халықаралық сотты қолдау белгісі ретінде қабылданды.
2002 жылы құрылған Халықаралық қылмыстық сот әскери қылмыстарды, адамзатқа қарсы қылмыстарды және геноцид жағдайларын тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуға бағытталған. Гаагада орналасқан соттың юрисдикциясын 125 мемлекет мойындайды.
2023 жылы соттың сол кездегі бас прокуроры Карим Хан Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Беловаға қамауға алу туралы ордер берген. Оларға Ресей басып алған Украина аумақтарынан балаларды заңсыз депортациялауға қатысты әскери қылмыс жасады деген күдік тағылған. Ресей билігі бұл әрекеттерді эвакуация деп түсіндіреді
Осыдан кейін Ресей тергеу комитеті ордер шығарған ХҚС судьяларына қатысты қылмыстық іс қозғаған. Ал былтыр желтоқсанда Мәскеу қалалық соты Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры мен судьяларын Ресей азаматтарын заңсыз қудалады деген айыппен сырттай 3,5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырған.
Сахаров атындағы сыйлық 1988 жылы тағайындалған. Ол кеңестік диссидент Андрей Сахаровтың есімімен аталады және жыл сайын адам құқықтары мен демократияны қорғауға елеулі үлес қосқан тұлғаларға немесе ұйымдарға беріледі. Марапат иегеріне 50 мың еуро көлемінде сыйақы табысталады.
Былтыр бұл сыйлық Беларусь түрмесінде отырған поляк-беларусь журналисті Анджей Почобут пен грузиялық журналист әрі редактор Мзия Амаглобелиге берілген. Почобут биыл сәуірде Беларусь пен Польша арасындағы тұтқындар алмасуы аясында босатылып, Польшаға жеткізілген.
“Marks of a rope were found on his body.” The brother of the officer who passed away in Zharkent shared his thoughts
