"Ирандағы 40 млн әзербайжанның өз тілінде мектебі жоқ". Баку Тегеранды ішкі іске араласты деп айыптады

327
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PQmFZSDyW4SiAU5CtHeW22p7Cen6grxJQGDqXW11.jpg

Фото: haqqin.az

Әзербайжанның Ғылым және білім министрлігі Иранның Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрі Хосейн Симайи-Саррафтың Әзербайжандағы білім беру мәселелеріне қатысты мәлімдемесін орынсыз деп бағалады. Ведомство бұл пікірді елдің ішкі істеріне араласу әрекеті ретінде санайды, деп хабарлайды “Адырна”.

Министрлік мәлімдемесінде Әзербайжанның білім беру саясатына сырттан араласуға жол берілмейтіні атап өтілген. Сондай-ақ мұндай әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылатыны айтылған.

«Бұл орынсыз мәлімдеме Әзербайжанның ішкі істеріне араласу әрекетінен басқа ештеңе емес. Еліміздің ішкі істеріне, соның ішінде білім беру саясатына ешкімнің араласуына жол берілмейді. Мұндай араласу әрекеттеріне қатаң тосқауыл қойылады. Біз Иранның ресми тұлғаларына басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласқанша, өз еліндегі мәселелерге назар аударуға кеңес берер едік», - делінген хабарламада.

Мәлімдемеде Ирандағы этникалық әзербайжандардың ана тілінде білім алу мәселесі де көтерілген.

“Иран жүргізіп отырған саясаттың нәтижесінде елде әзербайжан тілінде білім беретін бірде-бір мектеп жоқ. Жоғары оқу орындарында да әзербайжан тілінде білім беру қарастырылмаған. Ал Иран халқының шамамен 40 миллионын осы өңірде терең тарихи тамыры бар этникалық әзербайжандар құрайды. Олар ондаған жылдар бойы ана тілінде білім алу құқығынан айырылып келеді. Иран Ислам Республикасының Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрі, сондай-ақ Иранда осы мәселе бойынша пікір білдіріп жүрген басқа да тұлғалар Әзербайжанның ішкі істеріне араласудың орнына, дәл осы мәселелермен айналысып, ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан теңдессіз әділетсіздікті жою үшін шаралар қабылдауы керек», – деп атап өтті ведомство.

Айта кетейік, Иранның ғылым, зерттеулер және технологиялар министрі Хоссейн Симаи Сараф әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Әзербайжан қыздарының білім алуы үшін Иранның есігі ашық екенін жазған.

«Иран Ислам Республикасының ғылым министрі ретінде Әзербайжан қыздарының білім алуы үшін Иран жоғары оқу орындарының есігі ашық екенін мәлімдеймін. Білім алу құқығын жүзеге асыру үшін діни орамалын шешуге мәжбүр болған қыздарды біз құшақ жая қарсы алып, жақсы қабылдай аламыз»,-деген жазбасында. 

Даудың туындауына 21 қыркүйекте қабылдаған Әзербайжан үкіметінің қаулысы себеп болған. Құжатта мектептегі киім үлгісі білім берудің зайырлылық қағидатына сай болуы керектігі көрсетілген. Осыдан кейін бірқатар мектепте хиджаб киюге қойылған шектеуге қарсы наразылықтар өткен. Әлеуметтік желі шектелген. 12 қазанда Әзербайжан ІІМ қаулының орындалуына кедергі келтірді деген күдікпен 37 адамның ұсталғанын хабарлаған. Оларға мектептердің жұмысына кедергі келтіріп, қоғамдық тәртіпті бұзды деген айып тағылған.

Comments
Other materials