ҚМДБ марқұмдардың бейнесін ЖИ арқылы жандандыруға қатысты пікір айтты

205
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VnWfsjuuanFdRjaKZBK1aUN1k37xPVu54pjRm8VB.jpg

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы марқұмдардың бейнесін ЖИ арқылы жандандыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

ҚМДБ түсіндіруінше, бұл жағдайға біржақты баға беруге болмайды.

«Ислам фиқһ негіздері қағидасы бойынша: "Бір нәрсеге берілетін үкім оны дұрыс түсініп, мәнін анықтауға байланысты" деп белгіленген. Сондықтан қайтыс болған адамдардың суреттерін жасанды интеллект арқылы қозғалысқа келтірудің үкімі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына қарай әртүрлі болады»,– делінген хабарламада.

Дегенмен, басқарма жасанды интеллектті қолданудың шектеулері де бар екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, марқұмның бейнесін жандандыру адамның шынайы өмірден алшақтауына, өткенге байланып қалуына, қайғысының қайта күшеюіне немесе Алланың өлімге қатысты белгілеген тағдырына қарсылық танытуына себеп болса, мұндай әрекетке жол берілмейді. Айтуларынша,  бұл адамның өзіне де, жақындарына да рухани және психологиялық тұрғыдан зиян келтіруі ықтимал.

Сондай-ақ марқұмның көзі тірісінде айтпаған сөздерін оның атынан сөйлетіп, жалған ақпарат таратуға қатаң тыйым салынатыны айтылды.

Бұдан бөлек, мүфтият марқұмдардың жасанды интеллект арқылы өзгертілген бейнесін коммерциялық жарнамада пайдалануды да құптамайтынын жеткізді. Өйткені мұндай әрекет тұтынушыларды жаңылыстырып, тауарды шынайы емес жолмен насихаттауға және адамдардың мүлкін әділетсіз иемденуге әкелуі мүмкін.

Comments