Шайдоров олимпиададан кейін жарыстарға қатысу қиындағанын айтты

108
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sLXWMuKjHAvoiSRCedS49kBE7UGutfNtvwIx6wrU.webp

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін жаттығу мен жарыстарға қатысу оңай болмай жүргенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Чемпионға" сілтеп.

Спортшы кәсіби мансабын жалғастыруға деген ынтасы туралы да пікір білдірді. 

Спортшының айтуынша, Олимпиада маусымынан кейін мұз айдынына қайта шығу бұрынғыдан қиындаған. Тіпті жаттығуға барудың өзі ауырлай түскен.

«Олимпиада алтынын алғаннан кейін сырғанау өте қиын. Жалпы, жаттығуға шығудың өзі оңай емес. Кейде бәрін автоматты түрде істеп жүргендей боласың. Олимпиада медалі адамды іштей босаңсытуы мүмкін. Қайтадан жарысқа қатысу да қиындады. Мүмкін, Олимпиада маусымынан кейін әлі толық қалпыма келмеген шығармын», – деді Михаил Шайдоров.

Соған қарамастан, спортшы мәнерлеп сырғанауда дамуға деген ынтасы жоғалмағанын атап өтті. Алдағы уақытта сырғанау техникасын жетілдіріп, хореографиямен жұмыс істеуді және бағдарламаларында ерекше образдар қалыптастыруды көздейді.

«Олимпиадаға дейін де менің өзімді мәнерлеп сырғанаушы ретінде дамытуға деген мотивациям болды. Сырғанау мәнерін, хореографияны жетілдіріп, бағдарламаларда ерекше образдар жасағым келеді. Әлі атқаратын жұмыс көп», – деді Олимпиада чемпионы.

Comments