Ел экономикасындағы көлеңкелі сектор тарихи минимумға жетті. Бірақ кей өңірлер мен салаларда жағдай әлі де күрделі. Үкімет оны қалай өзгертпек?
Қазақстан соңғы он жылда көлеңкелі экономиканың үлесін айтарлықтай төмендете алды. Алайда ақша айналымының бір бөлігі әлі де ресми есептен тыс қалып отыр. Бұл әсіресе жекелеген өңірлер мен салаларда байқалады. Себебі мұндай жерлерде қалыптасқан жұмыс істеу тәсілдері баяу өзгеріп келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бақыланбайтын экономиканың үлесі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 15,7 пайызын құраған. Елдің жалпы ішкі өнімі 159,6 триллион теңгеден асқанын ескерсек, бұл шамамен 25 триллион теңгеге тең.
Бұл – қомақты сома. Алайда оның артында тек заңсыз бизнес тұр деп түсінуге болмайды. Бақыланбайтын экономикаға түрлі себептермен ресми статистикаға енбей қалған заңды тауарлар мен қызметтер де кіреді. Мысалы, кәсіпкерлікті тіркемей жұмыс істеу, кірісті толық көрсетпеу немесе жалақыны конвертпен төлеу.
Соған қарамастан, ел экономикасы біртіндеп көлеңкеден шығып келеді. Соңғы он жылда бақыланбайтын сектордың үлесі 27,5 пайыздан 15,7 пайызға дейін төмендеген. Яғни шамамен 12 пайыздық тармаққа қысқарған. 2025 жылғы көрсеткіш тарихи ең төменгі деңгейге жетті.
Экономика қай өңірлерде әлі де көлеңкеде қалып отыр?
Өңірлер бойынша жағдай әртүрлі. Жалпы өңірлік өнімдегі бақыланбайтын экономиканың ең жоғары үлесі Түркістан облысында тіркелген – 27,8 пайыз.
Одан кейін Жетісу облысы – 26,1 пайыз және Жамбыл облысы – 25,7 пайыз көрсеткішпен тұр. Осылайша, ең жоғары көрсеткіштер негізінен еліміздің оңтүстік өңірлеріне тиесілі.
Ал Атырау облысында бақыланбайтын сектордың үлесі небәрі 4,5 пайызды, Ұлытау облысында 5 пайызды құраған.
Мұны өңірлер экономикасының құрылымымен де түсіндіруге болады. Ірі кәсіпорындар мен орталықтандырылған есеп жүйесі басым өңірлерде есепке алынбаған қызметтің үлесі төмен болуы мүмкін. Ал шағын шаруашылықтар, сауда орындары мен жеке қызмет көрсету саласы көп өңірлерде барлық экономикалық операцияны бақылау күрделірек.
Дегенмен бақыланбайтын экономиканың үлесі жоғары болуы оның барлығы қылмыстық әрекеттен тұрады дегенді білдірмейді. Статистика ресми есептілікте толық көрсетілмейтін экономикалық қызметтің әртүрлі түрін қамтиды.
Сауда көлеңкеден шығып келеді, ал құрылыста кері үрдіс байқалады
Соңғы бес жылда ең елеулі өзгерістер қызмет көрсету саласында болған.
2020 жылы бұл сектордағы бақыланбайтын қызметтің үлесі ЖІӨ-нің 15 пайызын құраса, 2025 жылы көрсеткіш 11,1 пайызға дейін төмендеген.
Әсіресе сауда саласында айтарлықтай өзгеріс бар. Оның есепке алынбайтын бөлігінің ЖІӨ-дегі үлесі 5,6 пайыздан 3,1 пайызға дейін қысқарған. Бұған онлайн-кассалардың кеңінен енгізілуі, тауарларды таңбалау және электронды сауданың дамуы ықпал еткен.
Қазір сатып алу-сату операцияларының көбі цифрлық із қалдырады. Демек, тауар айналымын жасыру да қиындай түсті.
Логистика саласында да осындай өзгеріс байқалады. Мұнда көрсеткіш 2,9 пайыздан 1,1 пайызға дейін төмендеген. Бұған жүк қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдардың енгізілуі әсер еткен факторлардың бірі болды.
Тауар өндіру саласында да оң динамика бар. Ауыл шаруашылығында бақыланбайтын қызметтің үлесі 2,6 пайыздан 1,8 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 1,3 пайыздан 1 пайызға дейін азайған.
Алайда барлық салада бірдей оң өзгеріс байқалмайды.
Құрылыста керісінше, көрсеткіш 1,1 пайыздан 1,9 пайызға дейін өскен. Мұның бір себебі – құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайғанымен, еңбек ақысын бейресми төлеу сияқты схемалардың сақталуы болуы мүмкін.
Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда да өсім тіркелген: 0,6 пайыздан 1 пайызға дейін. Бұған тұрғын үйді кәсіпкерлік қызметті тиісті түрде рәсімдемей жалға беру ықпал етуі мүмкін.
Қонақүй және мейрамхана бизнесінде бақыланбайтын экономиканың үлесі 0,1 пайыздан 0,5 пайызға, ақпараттандыру және байланыс саласында 0,4 пайыздан 0,6 пайызға, кәсіби және сараптамалық қызметте 0,6 пайыздан 0,7 пайызға дейін артқан.
Осылайша, бір салаларда экономикалық қызмет ашық бола түссе, енді бір бағыттарда мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттілігі туындап отыр.
Статистикада заңсыз экономикалық қызмет жеке есепке алынады. Соңғы бес жылда оның үлесі ЖІӨ-нің 1,7 пайызынан 1,1 пайызына дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш заңмен тыйым салынған қызмет түрлерін қамтиды және бақыланбайтын экономика деген кең ұғымнан ерекшеленеді.
Базардан мұнай өңдеу зауытына дейін: қандай өзгерістер жоспарланып отыр?
Көлеңкелі секторды қысқартудың келесі кезеңінде билік цифрландыруға басымдық бермек.
Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Оның негізгі мақсаты – әрбір операцияны жеке тексеруге айналдырмай-ақ, тауарлар мен қаржы ағындарының қозғалысын барынша ашық ету.
Ең ауқымды жобалардың бірі – Digital Bazaar. Ол шағын бизнес өкілдерінің едәуір бөлігі сауда жасайтын базарлар мен сауда орталықтарын цифрландыруды көздейді.
Сонымен қатар міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл өнімнің жеткізушіден бастап тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Өзгерістер ауыл шаруашылығын да қамтиды. Өсімдік шаруашылығында өнімнің егістіктен бастап дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын қадағалайтын цифрлық жүйе енгізу көзделген. Мұндай тәсіл бүгінгі таңда статистикада толық көрсетілмейтін өндіріс және өткізу көлемін есепке алуға көмектесуі тиіс.
Мұнай-газ секторында мұнай өңдеу зауыттарының материалдық-шикізат балансын автоматтандыру жоспарланып отыр. Бұл жүйе кәсіпорынға келіп түскен шикізат көлемі мен өндірілген өнім мөлшерін салыстыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде есепке алынбаған операциялардың жолын кесу көзделген.
Логистика саласында KEDEN және e-CMR цифрлық платформаларын біріктіру жоспарланған. Бұл жүк қозғалысын бақылауды жеңілдетіп, құжат айналымының ашықтығын арттыруға тиіс.
Тағы бір бағыт – электрониканың заңсыз импортымен күрес. Ол үшін абоненттік құрылғылардың IMEI-кодтарын тексеру жүйесін KEDEN платформасымен байланыстыру көзделген.
Осылайша, негізгі басымдық тек бақылауды күшейтуге емес, тауарлар мен операциялардың әр кезеңдегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастыруға берілмек.
2028 жылға қарай қандай нәтижеге қол жеткізу көзделген?
Билік бақыланбайтын экономиканың үлесін одан әрі қысқартуды жоспарлап отыр. Кешенді жоспардағы нысаналы көрсеткіштерге сәйкес, оның ЖІӨ-дегі үлесі 2026 жылдың қорытындысында 14,5 пайызға, ал 2028 жылы 13,8 пайызға дейін төмендеуге тиіс.
Ең үлкен нәтижеге қызмет көрсету саласында қол жеткізу көзделген. Бұл бағыттағы көрсеткішті 11,1 пайыздан 9,5 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр.
Сауда саласында бақыланбайтын қызметтің үлесін 3,1 пайыздан 2,8 пайызға, логистикада 1,1 пайыздан 1 пайызға, кәсіби және сараптамалық қызметте жоспардағы 0,8 пайыздан 0,4 пайызға дейін төмендету көзделген.
Тауар өндіру саласындағы нысаналы көрсеткіш 4,6 пайыздан 4,3 пайызға дейін қысқаруға тиіс. Әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығына баса назар аударылмақ.
Сонымен қатар Үкімет 2028 жылға қарай шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 38 пайыздан 39 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Дегенмен негізгі міндет тек есептіліктегі әдемі көрсеткіштерге қол жеткізумен шектелмейді. Кәсіпорындар мен кәсіпкерлер неғұрлым көп ресми жұмыс істесе, есеп айырысу, бәсекелестік жағдайы және еңбек қатынастары соғұрлым ашық бола түседі.
Қазақстан соңғы он жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді: бақыланбайтын экономиканың үлесі шамамен 12 пайыздық тармаққа қысқарды. Ендігі міндет – цифрлық құралдар бизнестің көлеңкеден шығуына көмектесіп қана қоймай, кәсіпкерлерге артық кедергі келтірмейтіндей жүйе қалыптастыру.
