«Таза Қазақстан» аясында Қарағандыда туған өлкенің тазалығына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды

323
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5QZzBYI5ut4QbrBXtsi0i0LkATuDs0X4LDQMpN9C.jpg

«Таза Қазақстан – жарқын болашақ» жастар экологиялық форумы Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан келген студенттерді, курсанттарды, экоеріктілер мен белсенді тұрғындарды бір ортаға жинады. Достық үйіне қоршаған ортаны қорғауды күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған азаматтар жиналды.

Форум республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өтті.

Жиын бастаманы қолдауға арналған жалаушалармен өткен флешмобтан басталып, экологиялық мәдениет, азаматтық жауапкершілік және туған өлкені аялау мәселелеріне арналды.

Форумға қатысушыларға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей үн қатты. Ол өңірді абаттандыруға үлес қосып жүрген тұрғындарға алғыс айтып, тазалық біреудің ескертуі мен бақылауынан емес, әр адамның қоршаған ортаға деген жеке көзқарасынан басталатынын атап өтті.

– Қазақ тілінде «ар» деген ұғым бар. Ол – адамның ұяты, намысы, ішкі төрешісі. Бұл қасиет ешкім бақылап тұрмаған кезде де адамды дұрыс әрекет етуге жетелейді. Айналамыздағы тазалық – әр адамның ішкі дүниесінің сыртқы көрінісі. «Таза Қазақстан» бастамасының негізінде де осы құндылық жатыр, – деді Әлібек Әлденей.

Оның айтуынша, адам бойындағы осындай асыл қасиеттер тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, аулаларды ретке келтіруге, кіреберістерді абаттандыруға және туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлесін қосуға ынталандырады.

Форумның негізгі шараларының бірі экологиялық қозғалыс белсенділерін марапаттау рәсімі болды. Жеңімпаздар төрт аталым бойынша анықталды. Олар – «Үздік эковолонтер», «Үздік экокоманда», «Үздік кіреберіс» және «Үздік аула».

Жиын қонақтарына жүлделі орындарға ие болған аулалар мен кіреберістер туралы бейнероликтер көрсетілді. Экраннан тұрғындардың өз күшімен айналасын көркейтіп, ортақ кеңістікті өзгертуге бағытталған нақты бастамалары мен еңбегі көрініс тапты.

«Үздік экобелсенді» номинациясы бойынша екі жеңімпаз анықталды. Олардың бірі – «Қазақстан темір жолы» компаниясы магистральдық желісінің Қарағанды бөлімшесінің жетекші инженер-технологі Жұлдызай Байдүйсен. Ол 18 экологиялық акцияның бастамашысы болған.

Сондай-ақ бірінші орынды Теміртау қаласындағы №16 жалпы білім беретін мектептің химия және биология пәндерінің мұғалімі Вусал Мамедов иеленді. Ол 80 экологиялық іс-шараның үйлестірушісі болған.

«Үздік экокоманда» номинациясында Қарағанды қаласындағы «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығының инклюзивті жасағы, Шахтинск қаласының «Экодесант» және Приозерск қаласының «Асар» командалары жеңімпаз атанды.

«Үздік кіреберіс» номинациясы бойынша Қарағанды қаласы Құрылысшылар даңғылы, 13-үйдің 4-кіреберісінде тұратын тұрғындар үздік деп танылды.

Ал «Үздік аула» номинациясында Шет ауданы Ағадыр кентінің №9 шағынауданындағы №19, 20, 21, 22 және 23 үйлердің тұрғындары жеңімпаз атанды.

Байқау жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Форум экологиялық қозғалыс белсенділерін ұлықтаумен ғана шектелмей, қоршаған ортаға жанашырлық қарапайым әрекеттерден басталатынын да көрсетті. Таза аула, жинақы кіреберіс, сенбілікке қатысу, жасыл желекке күтім жасау – мұның бәрі ортақ тазалыққа қосылған үлес.

Comments
Other materials