26 мыңнан аса оқырманды біріктірген идея. Оқуды ұмыттырмау ұтымды

777
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/abNpDdfS2S4eihQp1RushutF1NYWa6Z4pfkPAfyF.jpg

PARAQTA жобасының негізін қалаған Ердәулет Құралмен жоба қалай басталғанын, оқырманды кітапты соңына дейін оқуға не итермелейтінін және платформаның алдағы жоспарларын әңгімеледік.

Астанадағы шағын оқырмандар клубына арналып жасалған Telegram-бот бір жылдан аса уақытта 26 мыңнан астам адам тіркелген цифрлық платформаға айналды. Пайдаланушылар осы уақытқа дейін 1,5 миллион беттен астам кітап оқыған. 

Кітап оқуға уақыт табу, бастаған кітапты аяқтау, оқуды күнделікті әдетке айналдыру көп адамға таныс қиындық. Енді бұл процесті жүйелеп, оқырманның нәтижесін көрсетіп отыратын цифрлық құралдар көбейіп келеді. Солардың бірі – отандық PARAQTA платформасы. Ол оқырманға оқуға жұмсаған уақытын есептеп, статистикасын бақылауға және кітап туралы пікір алмасуға мүмкіндік береді.

Жоба авторы Ердәулет Аянұлы құрылыс саласында төрт жылға жуық жұмыс істеген. Бірақ кітапқа деген жеке қызығушылығы уақыт өте келе жаңа бастамаға айналған.

БІР КЛУБТЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕН ТУҒАН БОТ

Жоба бір адамның идеясынан емес, белгілі бір топтың қажеттілігінен басталған.

«Платформаның құрылғанына бір жыл екі айдай болды. Бастапқыда Астанада өзіміздің оқырмандар клубымыз бар еді. Сол адамдардың оқу статистикасын бақылауға, тұрақты әдет қалыптастыруға көмектесу үшін Telegram-бот жасадық. Кейін оған басқа оқырмандар да қызығушылық танытты. Содан ботты көпшілікке аштық. Сол кезде болашақта сайт немесе қосымша жасау керек деген ой туды», - дейді Ердәулет.

Алғашында жобаның нақты тұжырымдамасы болмаған. Автордың ойында тек оқырманға оқу барысын тіркейтін қарапайым құрал жасау мақсаты тұрған. Пайдаланушылар көбейіп, олардан жаңа өтініштер түскен сайын жобаның мүмкіндіктерін кеңейту қажет болған.

БАНКРОТҚА ҰШЫРАҒАН КОФЕХАНА БЕРГЕН САБАҚ

Жобаның онлайнға көшуіне автордың бұрынғы кәсіпкерлік тәжірибесі де әсер етті. Ердәулет бір кездері кітап дүкені мен кофехананы біріктірген бизнес ашқан, бірақ ол ұзаққа созылмаған.

«Бұрын кофехана мен кітап дүкені біріккен бизнесіміз болды. Бірақ қаржылық мәселелерге байланысты жабуға мәжбүр болдық. Содан кейін осы форматты офлайннан онлайнға көшіру туралы ой келді. PARAQTA жобасына көбірек көңіл бөле бастадық. Шамамен үш-төрт айдан кейін сайт жасауға кірістік. Оны әзірлеуде жасанды интеллектінің көмегін пайдаландық. Қазір сайттың жұмыс істеп келе жатқанына жарты жылдай болды», - дейді жоба авторы.

Бастапқы нұсқа мен бүгінгі платформаның арасы алшақ. Қазір PARAQTA тек оқу уақытын тіркейтін құрал емес.

ТАЙМЕР, ЖЕКЕ СӨРЕ ЖӘНЕ СТАТИСТИКА

Платформаның жұмыс тәртібі қарапайым. Оқырман кітап ашқанда таймерді қосады, оқып болған соң оқыған бет санын енгізеді. Қағаз кітаптарды атауы мен авторы бойынша жеке сөресіне қосып қоюға болады. Электронды кітаптарды платформаның өзінде оқуға немесе PDF, EPUB форматында жүктеуге болады.

«Осы деректердің негізінде әр пайдаланушының жеке статистикасы жасалады. Ол айлық және жылдық нәтижелерін салыстырып, оқу қарқынын бақылай алады», - дейді Ердәулет.

«СТРЕЙКТІ ҮЗБЕУ ҮШІН КҮНІНЕ БЕС БЕТ БОЛСА ДА ОҚИДЫ»

Ердәулеттің айтуынша, оқырманның күнделікті белсенділігін арттыруға ойын элементтері көп көмектескен.

«Кітапты соңына дейін оқытуға арналған түрлі механизмдер бар. Мысалы, бірнеше күн қатарынан оқысаңыз, стрейк жиналады. Бір күн оқымай қалсаңыз, ол үзіледі. Оқырман сол көрсеткішін жоғалтпау үшін күніне бес бет болса да оқуға тырысады. Мұндай жүйені Duolingo сияқты қосымшалардан байқадық. Күнделікті белсенділікті сақтауға арналған бұл тәсіл жақсы жұмыс істейді екен. Сондықтан оны өзімізге енгіздік. Платформада оқырман неғұрлым көп кітап оқыса, соғұрлым жұлдызша жинайды. Жинаған жұлдызшаларын жеке парақшасын безендіруге жұмсай алады. Осылайша, шағын жетістіктер мен марапаттар арқылы оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқуға деген ынтасын оятуға болады », - дейді ол.

Бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесі де жоқ емес. Платформада 300 күннен астам уақыт бойы күн сайын кітап оқып келе жатқан бірнеше пайдаланушы бар, 100 күндік межеден асқандар да аз емес. Жүйе оқырманға «Кітап оқуды ұмытпаңыз», «Шамыңызды сөндірмеңіз» деген еске салғыш хабарламаларды да автоматты түрде жіберіп отырады.

Автор үшін бұл көрсеткіштер платформаның дұрыс бағытта екенін көрсетеді. Бастапқыда тек оқылған бетті тіркейтін бот енді адамның оқу тәртібін қалыптастыруға көмектесетін құралға айналды.

«ЖАЛҒЫЗ ОҚЫҒАННАН БІРГЕ ОҚЫҒАН ҚЫЗЫҒЫРАҚ»

PARAQTA-да жеке статистикадан бөлек, бірге оқу мүмкіндігі де бар. Пайдаланушы достарын немесе таныстарын жинап, өз оқырмандар клубын аша алады. Клуб ішінде әр қатысушының нәтижесі көрініп, ішкі рейтинг жасалады.

«Оқырман клубтары жақсы көмектесіп жатыр. Әр адам өз жақындарын тартып, кітапты бірге оқу үшін клуб ашады. Олардың арасында ішкі рейтинг бар, бұл тұрақтылыққа да әсер етеді. Жалғыз оқығаннан гөрі бірнеше адаммен бірге оқу қызығырақ. Бір-біріңнің нәтижелеріңді көресің, сол арқылы өзің де оқуға ынталанасың», - дейді Ердәулет.

Қазір платформада 180-нен астам оқырмандар клубы құрылған. «Достар» функциясын 600-ден астам адам пайдаланады. Пайдаланушы жаңа кітап бастаса, достарына хабарлама барады. Бір-біріне күніне бір рет кітап оқуды еске салып қоюға да болады.

Жақында платформада «Парақтау» бөлімі іске қосылған. Онда басқа оқырмандардың кітаптарға жазған пікірлері бір лентаға жиналады. Пайдаланушы өзгелердің ойын оқып, келесі кітабын таңдағанда соны ескере алады.

Жоба авторының айтуынша, бүгінде PARAQTA-да 26 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, ал олар енгізген оқу нәтижелерінің жиынтығы 1,5 миллион беттен асқан. Бұл деректер платформаның ішкі статистикасына негізделген.

ҚОР ТАПШЫЛЫҒЫ

Аудитория өскен сайын шешілуі тиіс мәселелер де көбейеді. Соның ең бастысы – электронды кітаптардың аздығы. Қазір платформа кітапханасына 148 шығарма жүктелген. Олардың қатарында қазақ халық ертегілері, Абайдың қара сөздері, орыс және ағылшын тіліндегі кітаптар, сондай-ақ аударма туындылар бар. Оқырмандар өз кітаптарын PDF немесе EPUB форматында жүктей алады. Бірақ ортақ кітапхананы толықтыру үшін авторлық құқық талаптарын сақтау керек.

«Қазір кітапханада қоғам игілігіне берілген 148 кітап қана бар. Кітап қорын көбейту керек, әсіресе қазақ тіліндегі шығармалар бойынша жұмыс істеуіміз қажет. Бірақ авторлық құқықты да ескеруіміз керек. Кез келген кітапты рұқсатсыз орналастыра алмаймыз», - дейді Ердәулет.

МИНИСТРМЕН КЕЗДЕСУ: ҚАНДАЙ ҚОЛДАУ УӘДЕ ЕТІЛДІ?

Осы мәселені шешу және жобаны кеңінен таныстыру үшін команда Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевпен кездескен. Жүздесуде кітап қорын толықтыру, жобаны ақпараттық тұрғыдан қолдау және таныстырылым өткізу мәселелері талқыланған.

«Министр Арман Оразбайұлымен кездесіп, жобамыздағы мәселелерді айттық. Ол кісі қолдау көрсетуге уәде берді. Нақтырақ айтсақ, кітап қоры бойынша қиындықтарымыз бар екенін жеткіздік. Астана мен Алматыда офлайн презентация өткізуге көмектесетіндерін айтты. Қазір ақпараттық қолдау да көрсетіліп жатыр», – дейді жоба авторы.

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Comments