Әр жылға бір жануардың атын беріп отырған қазақ ер халық. «Ер қанаты – ат, ол сенің басыңа қонған бақ, астыңдағы алтын тақ деп бағалайды», бұл дауысы бірнеше шақырымға жететін атақты әнші Жүсіпбек Елебек ағамыздың үйіндегі Хабиба жеңгеміздің айтуы.
Қала балалары жылқыны тек теледидар экранынан көретін қазіргі уақытта, жас ұрпақ түгілі жасы үлкендер де ғасырлар бойы адамның жан жолдасы болып келген осы жануар туралы не біледі екен? Басқаларды қайдам, өз басым қашан атқа мінгенім еміс-еміс есімде. Бала кезде әкем ғалым Әсілхан Оспанұлының анасы, әжем Алтынның белінен құшақтап темір жолдың бойымен Бадам елді-мекеніне жай жүріп барғанымыз жадымда қалыпты. Жылқы малы туралы тағы бір айшықты есімде қалғаны Мұхтар Әуезұлының «Абай жолын» оқығандағым: «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққанды. ...Күнұзын аттан түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады».
Қазақтың атқа құмар екенін нағашым Жамалханның өмір бойы темір тұлпар-машина айдап, жүргізуші болып жұмыс істей жүріп, қорасында көкпарға шығатын аты болғанын көріп өстім. Атты жақсы көру қазақтың қанына сіңген қасиет. Оны Шымкентте дүниеге келген ұлымды бірде ауылға апарғанда білдім. Мектеп жасына жетпеген бала ат үстіне кәдімгідей мініп кете барды. Ол атқа мінгеніне қуанды, ал мен қайтер екен деп уайымдап тұрдым. Бекер олай ойлаппын.
Сонымен, жылқы мінездес халықтың өкілдері болып табылатын біраз таныстарыммен сөйлесіп, осы бір киелі пырақ туралы білетіндері шамалы екенін байқадым. Бұл мақала осылай жазылды. Иә, жылқы малы туралы не білесіз?
Қазақтың өмірінде жылқы малы ең басты орын алатыны дүниеге нәресте келгендегі тілектерде де көрініс тапқан. Қыз бала туса «мыңжылқы» деп бойжетіп ұзатылып, той қызығы туралы қуанса. Ұлбала туралы «Ат байлар, ат ұстар» деп қуанған. Ұлы жазушы Сәбит Мұқанұлы өзінің ұлы туғаны туралы «Өмір мектебі» кітабында былай деп жазған: «Жас баланың даусы шар ете түсті... «Ақ түйенің қарны жарылды!» деп шу ете қалды үйдегі қатындар. «Ұл!.. Ат-ұстар!..» деп айғайлап қалды біреулер». Кішкентай балаларды ашамай ерге отырғызу қазақтың тұрмыс мерекелерінің бірі.
Кімге болса да ат қойғыш қазақ, жылқы малына да дұрыс атау беруде алдына жан салмаған халық болар сірә! Дөңасар, Көкбикеш, Торқасқа, Желтимес, тағысын тағылар. Тарихта солардың қаншамасы сақталып қалғанына тәубе деу керек.
Ұлы ғалым Шоқанның атасы Уәли ханның аты – Көксырғанақ, ал батыр Исатай Тайманұлының аты – Ақтабанды Махамбет өлеңіне қосқан. Сегіз серінің, Мұхаммед-Ханафия Баһрамұлының аты – Бозшұбар. «Жекейторы – Кенесарының батыры Нысанның аты. Бұл деректі Нысанның інісі Сәрібай Қайып Айнабекұлына айтқан»; «Ілиястың (І.Жансүгірұлы – Б.О.) Керқұласы да әлгі Сәкеннің (С.Сейфуллин – Б.О.) Керкөжегімен туыстас, не нағашысы, не жиені болар». Соңғы екі мәлімет жазушы Сәйділ Талжановтың «Өткен күндер сөйлейді» кітабында келтірілген.
Атқа есім таңдау қазақ сөз өнерінің небір қызық жақтарынан табылады. Кенен атамыздың Көкшолағын кім білмейді?! Ақын атамыз қызы Төрткен апамызға аты туралы былай әңгімелеп берген екен:
- Әкем Әзірбай өзінің бірнеше жылғы тапқан-таянғанын жинап,
- Иса аға, сізге лайық жануар екен, сізге мүлде басымен сыйладым...
Бердалы ОСПАН,
"АДЫРНА" ұлттық порталы.