15 сәуір күні, таңертең, Жетісу облысы, Жаркент қаласы көшелерінің бірінде 54 жастағы жергілікті тұрғын өлі күйінде табылды. Қазіргі уақытта облыс полицейлері оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатыр. Жақын маңда жатқан аузы қан-жоса иттің марқұмды талап өлтіруі мүмкін деген күдік бар, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жетісу облысының полиция қызметкерлері қайтыс болған ер адамның ажалы күшіктеген қарғыбаусыз иттен болып-болмағанын тексеріп жатыр. Оқиға Жаркент қаласында болды. Ер адамның бас етінде жырым-жырымы шыққан жаралар бар, Терісі сыдырылған.
"Жақын маңдағы жер үйде күшіктеген питбуль тұқымды ит анықталып, оның денесінде қан тәрізді қоңыр дақтар табылды. Итті уақытша ұйықтатып тастауға тура келді. Ер адамның ажалы шынымен де иттің талауынан болған-болмағаны қазіргі уақытта анықталып жатыр", - деді Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі.Дәл қазір оқиға орнында Панфилов аудандық полициясының жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, мән-жайды зерттеп жатыр. Анық ақпарат алуға қажетті сараптамалар тағайындалды.
"Адырна" ұлттық порталы