Кабулда әйелдерге арналған жалғыз Radio Begum радиостанциясы өз жұмысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы CNN-ге сілтеме жасап.
Радиостанцияның жабылуына рұқсатсыз ақпарат пен бағдарламаларды шетелдік БАҚ-қа таратуы себеп болған.
Radio Begum басшылығының мәлімдеуінше, Талибанның ақпарат және мәдениет министрлігі радиостанция кеңсесінде тінту жүргізіп, қызметкерлерді уақытша тұтқындаған.
Тінту барысында құқық қорғау органдары компьютерлер, қатқыл дискілер, файлдар және журналистердің телефондарын тәркілеген. Сонымен қатар, радиостанцияда жұмыс істейтін екі ер адам ұсталған. Бірақ олардың басшылық қызметке қатысы жоқ.
Министрлік радиостанцияның хабар тарату саясатын бұзғанын және лицензияны тиісті талаптарға сәйкес пайдаланбағанын алға тартып, оның қызметін тоқтатты. Шетелдік арналардың біріне рұқсатсыз контент берілгені айтылғанымен, нақты қай арна екені көрсетілмеген.
Бұл шешім халықаралық құқық қорғау ұйымдарының, соның ішінде "Шекарасыз репортерлер" (RSF) ұйымының наразылығын тудырды. Олар шектеуді дереу алып тастауды талап етті.
Radio Begum күніне алты сағаттық білім беру бағдарламаларын, денсаулық, психология және руханият тақырыптарын қамтитын контент таратқан. Радиостанцияның негізгі мақсаты – Ауғанстандағы әйелдер мен қыздарға білім беру және қолдау көрсету болған. Басшылық саясатқа араласпайтынын ерекше атап өтті.