Абай мұрасы — бүгінгі қазақтың рухани иммунитеті. Алайда, оны толық зерттей алмай жатырмыз. Бұл туралы Абай тұлғасын жаңаша зерделеп жүрген белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, дінтанушы Досай Кенжетай “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді.
«АБАЙ ОРЫС ЖАҺАНДАНУЫНА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ»
– Досай мырза, сіз Абай Құнанбайұлының тұлғасын қалай қабылдайсыз? Сіз үшін Абай кім?
— Абай — әмбебап тұлға. Кеңестік кезеңде Абайдың жан-жақтылығын, дүниетанымын, ілімін, көзқарасын, құндылықтар жүйесін насихаттаудың жолын тапқан және ұсынған Мұхтар Әуезов болды. Ол өз зерттеулерінде Абайды жаңа қырынан танытып, терең талдады.
Әуезов Абай тұлғасын орыс жаһандануына қарсы қазақтың мәдениеті мен ұлттық болмысын сақтап қалудың құралы ретінде өте шебер пайдаланды. Абайды деист, материалист, модернист, гуманист ретінде көрсетті. Кейінгі зерттеушілер Абайды экзистенциалист деп танытқысы келді, бірақ оның шығармашылығы мен ойлау жүйесі экзистенциализмге тікелей қатысты емес.
Дегенмен, сол замандағы ғылыми атеизм мен коммунистік идеология, ұлтсыздандыру үдерісіне қарсы тұру мақсатында Абай тұлғасы қолданылды. Сондықтан, Абай — біз үшін орыс жаһандануына қарсы иммунитет қалыптастырған, ұлттық санамызды сақтау жолындағы рухани тірек болған тұлға.
“ДІННІҢ КЕЙ ТЕРІС АҒЫМДАРЫ ӨЗ МАҚСАТТАРЫНА БЕЙІМДЕП АЛДЫ»
– Сіздің ойыңызша Абай қазақ руханиятында қандай рөл атқарады?
— Мұхтар Әуезовті бірінші абайтанушы деп толық сеніммен айта аламын. Ол Абайды бізге танытты, оның шығармашылық мұрасын жүйелеп, көркем бейнесін жасап берді. Алайда Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде Абайдың руханияты, дінге көзқарасы, теологиялық және теософиялық қырлары толық зерттелген жоқ. Сондықтан Абайдың осы жағы бізге біраз уақыт беймәлім болып келді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, қоғамда дінге бет бұру басталған кезде, Абайдың рухани мұрасы қайтадан өзектене түсті. Тіпті, сол кезеңде дін жолына бет бұрған кейбір ағымдар, соның ішінде теріс бағыт өкілдері де Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі кейбір принциптерді өз мақсаттарына бейімдеп, түрліше түсіндіруге тырысты.
– Бір сұхбатыңызда "Абайдың махаббат философиясы" деген монографияңызды жазып жатқаныңызды айтқансыз. Сол еңбегіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
— Иә, бұл еңбек — менің көптен бері зерттеп жүрген тақырыбым. Монографияда Абайдың "махаббат философиясын" тереңінен талдауға тырыстым. Абайдың:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті", - деген жолдары арқылы ол махаббатты таным мен болмыстың өзегіне айналдырып отыр. Кейін осы негізде "үш сүюді" — Алланы сүю, адамзатты сүю, әділетті сүюді — "имани гүл" деп анықтайды.
Кеңестік кезеңде, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде Абайдың дінге, теософия мен теологияға қатысы кеңінен ашылмады. Кейбір анықтамалар мен ишаралар болды, бірақ ол тұстағы эпистемологиялық шектеулер мен идеологиялық цензура бұл қырларды толық көрсетуге мүмкіндік бермеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Абайдың осы болмыстық қабаттарын қайта зерделеу қажеттілігі туды. Қазақ руханиятына терең бойлаған сайын, Абайдың негізгі тірегі — “махаббат ілімі” екенін байқаймыз. Бұл — оның рухани дүниетанымына апаратын алғашқы баспалдақ.
Монографияда мен махаббат мәселесін болмыстық, моральдық, этикалық, әділет-құқықтық және ең бастысы - тарихилық тұрғыдан ашуға тырыстым.
Абайдың махаббат философиясы діни философиямен, әсіресе тасаууфтағы (сопылықтағы) қағидалармен тығыз байланысты. Бұл жерде махаббат — тек сезім емес, адамның Жаратушымен, әлеммен, адаммен қарым-қатынасын анықтайтын рухани өлшем ретінде қарастырылады.
"Махаббат философиясы" деген жаңалық емес. Бірақ бұл тақырыпты дін философиясы мен сопылық таным тұрғысынан жүйелеп, терең талдау бүгінгі оқырманға қажет деп есептедім. Сол себепті осы еңбекті монография ретінде дайындап, баспаға ұсындым. Қазіргі уақытта баспа процесінде.
– Абай шығармашылығында сопылық танымның көрініс табатынын айттыңыз. Мысалы, Абайдың «осы үш сүю болады имани гүл» деген сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерімен үндестік бар ма?
— Иә, бұл жерде Абай мен Қожа Ахмет Яссауи арасындағы рухани сабақтастықты анық байқауға болады. Абайдың «имани гүл» тіркесі жайдан-жай қолданылған емес. Бұл ұғым сопылық дүниетанымдағы, әсіресе Яссауи іліміндегі терең мазмұнды бейнелейді.
Яссауидің сопылық философиясы негізінен "хал іліміне" сүйенеді. Бұл ілім — белгілі бір құрылымы мен категориялары бар жүйелі таным. Яғни хал ілімі болған жерде ілім бар, сол ілімге сай ұстаным бар және оны игеру мен іске асырудың методологиясы бар.
Осы үш қабатты негізге ала отырып, біз Абайдың сопылық әлеммен, әсіресе Яссауи дәстүрімен өз шығармашылығында терең байланыс орнатқанын байқаймыз. Бұл байланыс ең алдымен ұғымдық деңгейде көрінеді. Яғни Абай қолданған кейбір терминдер мен тіркестердің түп-тамыры сопылықта жатыр. Соның бірі — «имани гүл» ұғымы.
Бұл тіркес — сопылықтағы тарихат сатысындағы негізгі рухани категориялардың бірі. Сопылықта иманның төрт негізгі сатысы бар:
- Имани бустан – шариғаттағы иман,
- Имани гүл – тариқаттағы иман,
- Имани сыр– мағрифаттағы иман,
- Имани нұр – хақиқаттағы иман.
Дана Нұрмұханбет
«Адырна»