Израиль Сирия аумағына соққы жасады

1277
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/img_0743-960x500.jpeg?token=5150b1092a91bfd2ac6e7618be5a990d
Израиль әскери күштері Сирия аумағына қайта соққы жасады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Соққы Дамаск қаласының солтүстігіндегі аудандар мен Хама маңындағы елді мекендерге бағытталған. Бұған дейін де Израиль президент сарайына жақын аймақты нысанаға алған болатын. Израиль билігі бұл әрекетті этникалық тазартуға ұшыраған друз азшылық тобын қорғау мақсатында жасалғанын алға тартты. Дегенмен Сирия тарапы бірнеше күн бұрын ел билігі мен друз қауымдастығы жетекшілері келісімге келгенін мәлімдеген еді. Алайда Израиль друздарға жасалған зорлық-зомбылық деректері алаңдатып отырғанын жеткізді. Ұлыбританияда орналасқан Сириялық адам құқықтарын бақылау орталығының мәліметінше, соңғы қақтығыстар нәтижесінде Ашрафият Сахная, Джарамана және Эс-Сувейда қалаларында 102 адам көз жұмған. Қаза болғандардың ішінде 70-тен астамы — друздар, ал қалғаны — қауіпсіздік қызметінің өкілдері мен содырлар. Қақтығыстар дінге қатысты басталған. Сирияның уақытша президенті Ахмед Әл-Шараа елдегі этникалық және діни азшылықтарды қорғауға уәде берді. Алайда друздар — қысымға ұшыраған алғашқы топ емес. Бұған дейін наурыз айында алавиттер тобы да қуғын-сүргінге ұшырап, мыңдаған адам Ливанға бас сауғалауға мәжбүр болған.
Comments