Қазақстан Ұлттық банкі 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған 1 000 теңге номиналындағы мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мерейтойлық банкнотаның түсі — қоңыр-сарғылт, таралымы 5 миллион дана болып бекітілген.
Банкнотаның алдыңғы бетінде 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалы бейнеленген. Бұл — Отан үшін жан қиған батырларға арналған құрметтің белгісі.
Микро-оптикалық қорғаныс жолағы бар. Банкнотаны бұрышқа бұрғанда мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналардың үш өлшемді бейнесі көрінеді.
Екінші бетінде Қазақстан картасы мен тарихи мұрағаттық фотосуреттер үзінділері бейнеленген. Ерлік, батырлық пен табандылықты сипаттайтын Отан соғысы ордені бейнеленген.
Ұлттық Банк мәліметінше, жаңа банкноталар Қазақстан Республикасының аумағында төлемнің барлық түрі бойынша заңды төлем құралы болып саналады. Оны банктерде есепшотқа салуға, аударуға және ұсақтауға болады.
Related news