Үзіліс кезінде. Атырауда оқушыны сыныптастары соққыға жыққан

898
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/04/mektep-960x500.jpg?token=5cf1f6da2da242a79b81620ca9cb66b3
Атырау облысында 7-сынып оқушысы сабақ арасындағы үзіліс кезінде сыныптастары тарапынан аяусыз соққыға жығылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Зардап шеккен оқушының анасының айтуынша, баласы үздік оқитын, белсенді және тәртіпті болған. Дегенмен оның жақсы бағалары мен білімге деген ынтасы кейбір сыныптастарының қызғанышын тудырып, соңы жүйелі буллингке ұласқан. Жантүршігерлік жағдай 15 минуттық үзіліс кезінде сыныпта, мұғалімдер болмаған сәтте орын алған. «Басын партаға ұрып, есікті жауып алып, ұрған. Ешкім ара түспеген. Мұндай жағдай бұл мектепте бұрыннан бар. Буллингке қарсы ешқандай шара қабылданбайды. Қорлық пен қорқыту қалыпты жағдайға айналған», — дейді зардап шеккен баланың анасы. Оның айтуынша, баласына қол көтерген оқушы полиция қызметкерінің баласы, ал анасы сол мектепте қызмет атқарады. Осыған байланысты отбасы істің әділ қаралмай қалуынан қауіптеніп отыр. «Біз бұл істі жылы жауып қоюға тырысады деп қорқамыз. Полиция жарақатты ‘жеңіл’ деп көрсетіп, толық сот-медициналық сараптама нәтижесін күтпестен істі жабуға бейіл танытып отыр. Бұл — жай ғана төбелес емес, бұл – мақсатты, саналы түрде көрсетілген зорлық», — деп мәлімдеді анасы. Ата-аналар бұл оқиғаны мектептегі жылдар бойы жалғасып келе жатқан буллингтің шарықтау шегі деп бағалайды. Олар білім мекемесіне толық тексеру жүргізіп, оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған нақты әрі жүйелі шаралар қабылдануын талап етіп отыр.
Comments