Президент күткен премьер. Джорджа Мелони Астанаға Cамарқан арқылы сапарлады

1094
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/img_9641-960x500.jpeg?token=a259806c281667bfc6d634ac3b96968e

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Италия премьер-министрі Джорджа Мелониді Назарбаев әуежайынан күтіп алды. Бұл туралы бүгін, 29 мамырда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Сізді Қазақстанда қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Алдағы келіссөздер екіжақты қарым-қатынастарымызға тың серпін беруде маңызды, тіпті, шешуші рөл атқаратынына сенімдімін. Италия – Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі. Кешелі-бүгін Астанада Италия бизнесінің көптеген өкілінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз»,—деді президент.

Джорджа Мелони өз сөзінде Қазақстанды Италияның, сондай-ақ Еуропаның маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Сіздің еліңізге алғаш рет келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Өзіңіз айтқандай, екі елдің қарым-қатынасы өте жақсы. Алайда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге әрдайым мүмкіндік бар. Біз Қазақстанды Италияның, сондай-ақ Еуропаның маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар қазіргі кезде Орталық Азия өңірі стратегиялық мәнге ие болды. Мемлекеттер басшылары деңгейінде бірінші «Италия – Орталық Азия» саммитін ұйымдастырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл басқосу аймақпен қарым-қатынасымыздағы тарихи сәт болады деп ойлаймын. Қазіргі сындарлы кезеңде біз үшін барлық деңгейде ынтымақтастық орнату өте өзекті»,—деді ол.

Айта кетейік, Италия премьері бұған дейін Қазақстанға сапарын 2 рет кейінге қалдырған еді.  Оның біріне Италиядағы жойқын су тасқыны, екіншісіне Рим Папасының қазасы себеп болды.

Джорджа Мелони Қазақстанға келер алдын Өзбекстанға сапарлап, Астанаға Самарқан арқылы жетті.
Comments