Астанада қытай тілінен қазақшаға аударылған кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Мемлекеттік басқару туралы» атты 4 томдық кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының ресми тұсаукесері өтті. Іс-шара Назарбаев Университетінде ұйымдастырылып, оған Қытай мен Қазақстанның саяси партиялары, бұқаралық ақпарат құралдары, аналитикалық орталықтары мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өкіл қатысты.
Төрт томдық еңбек Қытайдағы «Ұлттар баспасы» мен қазақстандық «Фолиант» баспасының бірлескен еңбегі нәтижесінде қазақ тіліне аударылған. Бүгінде бұл кітап әлемнің 42 тіліне тәржімаланған.
Кітапта Си Цзиньпиннің 2012 жылдан бергі сөйлеген сөздері, нұсқаулары, сұхбаттары мен хаттарынан үзінділер жинақталған. Еңбекте ҚХР төрағасының ішкі және
сыртқы саясат, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму стратегиялары жөніндегі көзқарастары көрініс тапқан.
Жинақта сондай-ақ Си Цзиньпиннің 2013 жылы Назарбаев Университетінде сөйлеген сөзі де бар. Дәл сол жерде Қытай басшысы алғаш рет «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық сауда-инфрақұрылымдық бастамасын жариялаған болатын.
Халықаралық «Астана» ғылыми кешенінің президенті Серік Ирсалиев бұл оқиғаның тарихи маңызына тоқталып, бастаманың жүзеге асуына он жылдан астам уақыт ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті.
Ал Астанадағы Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова бұл бастама бүгінде әлемнің 150-ден астам елін біріктіріп отырғанын, ал Қазақстан оның алғашқы қолдаушыларының бірі болғанын айтты.
Other materials
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз