Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында билікке қарсылық танытқан азаматтар әділетсіз түрде «банды» атанып, қуғын-сүргінге ұшырады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай тарих ғылымдарының кандидаты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы Есқайрат Хайдаров ҚазАқпаратқа берген сұхбатында айтты.
Сұхбат барысында тарихшы Кеңес өкіметі халықты қорқытып-үркіту үшін өз билігін мойындамағандарды «бандит» деп атап, жаппай қудалау саясатын жүргізгенін айтты. Бұл бағыттағы қатаң шаралар 1920-1930 жылдары Батыс Қазақстан өңірінде де кеңінен жүзеге асқан.
"Қызыл қырғынмен келген Кеңес билігі халыққа қысым жасап, еркін ойлы тұлғаларды басып-жаншу үшін «бандитизм» деген жалған ұғымды қолданды. Олардың шынайы мақсаты — азаттықты аңсаған ерлерді үнсіз жою болатын. Архив құжаттары бұл деректерді нақты дәлелдеп отыр", – дейді ғалым.
Есқайрат Хайдаровтың зерттеулерінде 1923 жылдан бастап ОГПУ (Кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік органы) баяндамаларында Ерғали Аязбаев, Аманғали Кенжеахметов, Құныскерей Қожахметов сынды ұлт азаттығы жолында күрескен азаматтар туралы мәліметтер кездеседі. Олар Кеңес өкіметінің «солақай саясатына» қарсы шыққаны үшін «банды» деп айыпталған.
“Менің айтарым, «Бандитизммен күрес», «бандылар», «бандылық топтар», «бандшайка» дегенді ойлап тапқан кеңес өкіметінің өзі еді. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы және жаңа тарихи сана тұрғысынан қарағанда, бұл азаматтарды бостандық, теңдік, еркіндік үшін күрескендер, сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбандары деп тануымыз керек. Сонда ғана тарихи әділеттілік орнайды. «Бандылар» тарихы жаңаша тұрғыдан зерделеніп, бостандық үшін күрескен тұлғаларға дұрыс тарихи баға берілуі керек. Сонымен қатар олардың жанқиярлық әрекеттерін кеңес өкіметінің әділетсіз саясатына қарсы бағытталған қарсылық қозғалысы ретінде қарастыруымыз қажет”, - дейді тарихшы.
Other materials
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз