Ақмола облысы еліміздің басты аграрлы аймағы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді – мұнда 2025 жылғы көктемгі егіс науқаны алғашқылардың бірі болып аяқталды. Ресми мәлімет бойынша, биылғы көктемде 5,2 миллион гектар алқапқа егін егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 63 мың гектарға артық. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, жұмыстар агротехникалық талаптарға сай әрі уақытылы жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көктемгі егіске қыс мезгілінен бастап дайындала бастады – қар тоқтату жұмыстары ерте қолға алынып, көктемде 2 миллион гектардан астам жер өңделді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Науқан кезінде 37 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде заманауи егіс кешендері жұмысқа жұмылдырылды. Бұл егіс жұмыстарын үздіксіз әрі ұйымдасқан түрде өткізуге мүмкіндік берді.
«Уақтылы қаржыландыру мен тиімді логистиканың арқасында шаруалар тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармайды дер кезінде сатып ала алды. Бұл – егіс науқанын жоғары деңгейде өткізуге негіз болды», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.Биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетілген қолдау көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әр түрлі қаржы институттары арқылы 778 шаруашылыққа 100 миллиард теңгеден астам несие берілсе, аграрийлерге 76 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Егіс алқаптарының құрылымында да оң өзгерістер байқалады: дәнді дақылдар 4,6 млн гектар алқапқа себілсе, майлы дақылдар алғаш рет 430 мың гектарға дейін жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 161 мың гектарға артық. Сонымен қатар мал азығы, картоп және көкөніс дақылдарының көлемі де ұлғайған. Мамыр айындағы уақытылы жауған жаңбыр топырақтағы ылғал қорын арттырып, тұқымның жақсы өнуіне ықпал етті. Бұл – биыл мол өнімге үміт артуға мүмкіндік береді. Науқан барысында озық шыққан шаруашылықтар қатарында «Агрофирма Родина» ЖШС, «Актык», «Заречное», «Новоприречное», «Белгородское», «Хлебороб» және «Жер-1» серіктестіктері аталды.
«Мемлекет тарапынан нақты қолдауды сезінудеміз. Бұл бізді тиімді әрі сапалы жұмыс істеуге ынталандырады. Ендігі басты міндет – егістіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау және техникамызды орақ науқанына дайындау», – деді Есіл ауданындағы шаруашылық директорларының бірі.Алда аграрийлерді кем емес жауапты кезең – егін жинау күтіп тұр. Дегенмен Ақмола облысындағы егіс науқанының сәтті әрі сенімді басталуы бүкіл ауыл шаруашылығы маусымына оң серпін беріп отыр. Бұл – агросаланы жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі.