“Асыққан жолаушы атына теріс мінеді...”

1373
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/05/avtobus-baғanaғa-soғyldy-960x500.jpeg?token=25dec6b98b7cea1ac1004493f78a6622
Кеше Астанада автобус үлкен жол апатына ұшырап, бір адамның жағдайы аса ауыр екені айтылды. Кейінірек бір адамның аяғына ампутация жасалғаны белгілі болды. Жүргізуші қамауға алынды дейді. Өкінішті жағдай. Зардап шеккен азаматтарға тезірек сауығып кетуін тілейміз. Шындап келсек, Астанада болсын, басқа қалада болсын, жол апаттары жиі болады. Мәселен, шетелде апталап, айлап жүрсеңіз де бірін-бірі сырып кеткен немесе үлкен қақтығыспен аяқталған жол апатын көрмейсіз. Бізде күніге бірнеше жол апатын байқауға болады. Неге автобус пен көлік жүргізушілері бір-бірімен жарысып, жолды бөлісе алмай жүреді. Автобус жүргізушілерінің мәдениетіне келсек, бөлек әңгіме. Мәселен, Алматыда автобусқа жүгірген жолаушыларды жүргізуші күтіп, есігін ашып тұрады. Астанада ондай атымен жоқ. Жаңа ғана Диагностика орталығынан бір жүкті келіншек аялдамада есігін ашпай тұрған автобустың есігін қағып еді, жүргізуші қолын сермеп, дауыс көтере сөйледі. Жүкті әйел “аялдамада тұрсыз ғой, неге есік ашпайсыз” дейді. Жүгіріп келген жолаушыларға есікті ашпай кететінін талай байқадық. Бұл дұрыс емес. Екіншіден, балалар арбасымен/коляскамен жүретін аналарға да автобусқа отыру қиынның қиыны. Жолаушыға ыңғайлы болсын деп жақыннан тоқтамайды. Аялдамадан өтіңкіреп тоқтайтынын да байқадық. Артынан автобустар тізіліп келсе, бөлек әңгіме. Ондай да жоқ. Тіпті, пандусты да түсірмейді ғой. Бізге Еуропаға жету қайда?! Негізі, көп нәрсе пейілге байланысты. Өткенде Алматыда бір жүргізуші арбаға таңылған азамат үшін арнайы пандусты қойып, өзі де шығып, оған көмектесіп жатыр. Құдай бұл жүргізушінің пейіліне жақсылықты үйіп-төгіп берсін деп тілейміз. Астанада ондай кең пейілді көрмедік. Астыртын ережелері бар ма, білмедік, жүгіріп келіп, есікті ашуды сұраған талай жолаушыны өкіндіріп, кете барады. Ал әр автобустың арасы 5-10 минут дегенмен, іс жүзінде 15-20 минутта келеді. Адамгершілік болуы керек. Жақында 55б деген автобус қатты тоқтап, көп жолаушы жерде құлап жатты. Мұнда жүргізушіден бұрын алдынан шыға келген жеңіл көлік шопыры кінәлі. Бір әйел аяғын соғып алыпты. Жуас халықпыз ғой. Шетелде аяғын ұрып алған түгілі шошып кеткен адамға дейін соттасып, денсаулыққа келтірген залалы мен моральдық шығынын өндіріп алар еді. Бірде 27 автобус да қатты тоқтап, қолымды ауыртып алдым. Қойшы, жұмыстары қиын ғой деп қоя саламыз… Болмаса жалақысы жаман емес қой. Өткенде бір автобустың ішінде “автобус паркіне жүргізушілер керек, жалақы 600 мыңнан басталады” деп тұр. Иә, көлік кептелісі қажытады, үнемі бір көшемен айналып жүру де оңай емес. Бірақ соншама адамның өміріне жауапкершілік алған соң асықпай, жеңіл көліктермен жарыспай, басқа шопырлармен ұрыспай, жол ережесін бұзбай жүруге де болады ғой. Жеңіл көлік иелері де әртүрлі. Есігін ашып, қақырып түкіретіндер де бар. Автобус жүргізушілерімен ерегісіп, боқтанатындар да баршылық. Жалпы, көлікті тізгіндеу мәдениеті әлі де кемшін. Музыканы да бақыртып қою да мәдениетсіздік. Әсіресе айнасын ашып, ресейлік әндерді қоятындарды түк түсінбеймін. Өз үйіңде отырған жоқсың, сыртта әдепті сақтау керек. Боғауыз сөздер қосылған әндер үшін жеке жауапкершілік те заңда бар шығар. Өкінішке қарай, қайбір жылы соғыс боп жатқан елдерден гөрі Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан көбірек адам қаза табады, денсаулығынан айырылады дегендей статистиканы көріп шошыдық. Бұл елімізде үлкен жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Праваны сатып алу, ішіп алып көлік жүргізу, ашуланып тұрып, машинаға отыру жақсы емес, мұның өтеуі тым қымбатқа түсуі мүмкін. Жолдың бір-ақ ережесі бар: Асықпа! “Асыққан жолаушы атына теріс мінеді” дейді. Алла елімізді жол-апаттарынан сақтасын. Жол-жүру ережелеріне байланысты елімізде кешенді шаралар атқару керек-ақ.

Kamshat Tasbolat

           
Comments