Чехияның Пльзень қаласында 88 жастағы әйел адамды өлді деп, жерлеуге дайындап жатқан кезде ол тіріліп кетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы чехиялық Blesk агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға қарт әйелдің серігі оны таңертең ес-түссіз күйде тауып, шұғыл жедел жәрдем қызметін шақырған сәттен басталған. Сот-медицина әйелдің көз жұмғанын растайды.
Алайда, жерлеу бюросының қызметкерлері мәйітті жерлеуге дайындап жатқанда, әйелде тіршілік белгілері байқалған.
Куәгерлердің айтуынша, әйел табыт ішінде көзін ашқан. Дереу жедел жәрдем шақырылып, әйел ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта ол ем қабылдап, қалпына келу үстінде.
Әйелді қате түрде өлді деп жариялаған жағдайдың мән-жайын анықтау үшін полиция тергеу бастады. Алдын ала мәліметтер бойынша, сот-медициналық сарапшы қажетті медициналық көмекті көрсетпей, өлімді қате анықтаған болуы мүмкін.
Сарапшы жұмыс істейтін компания орын алған жағдайға өкінетінін білдіріп, қатаң шаралар қолданатынын мәлімдеді, бірақ қосымша ақпарат бермеді.