Ержан Жанұзақов сотталушыларға шығарылған үкімді түсіндірді

1607
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_9802-960x500.jpeg?token=ec06954db2fa08c5f1b7c5f1334dee7f

Судья Ержан Жанұзақов 16 жастағы Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға шыққан үкімді түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, сот дәлелдерді зерттеп, сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәлары толық дәлелденген деген тұжырымға келген.

«Жәбірленушілердің, куәлардың айғақтары, оқиға орнынан алынған бейнежазбалар бар, заттай дәлелдемелер алынған, қажетті сараптамалардың барлығы өткізілген. Олардың шынайылығында күмән жоқ. Бұл дәлелдемелер сотталушылардың әрқайсының әрекетін айқын анықтауға мүмкіндік береді. Шынасылдың нақты Шерзат Полатқа, оның өліміне алып келген пышақ жарақатын келтіргені, медициналық-криминалистік сараптама қорытындысымен бекітілген. Сараптама Шынасылдан алынған пышақпен (пышақ жүзінің сипаттамасымен) жарақат келтірілгенін көрсетті. Пышақ, Шынасыл көрсеткен жерден, орман алқабынан алынған. Тергеу кезінде Шынасыл кінәсін мойындап айғақ берген»,—деді ол.

Судья басқа сотталушылардың әрекеттері салдарынан Шерзат Полатқа жеңіл дәрежелі зиян келтірілгенін мәлімдеді. Бұл да сараптама қорытындысымен расталған. Бұл да сараптама қорытындысымен расталған.

«Заң бойынша адам өлтіруді адамдар тобымен жасалған деп, егер ол екі немесе одан да көп тұлғалардың бірлесіп жасаған әрекеттерімен жасалған кезде танылады. Жоғарыда айтқанымдай, өлімнің себебі бір пышақ соққысынан болған және оны Шынасыл жасаған. Сәйкесінше, ол адам өлтіру бойынша кінәлі деп танылған»,— деп түсіндірді Жанұзақов.

Судьяның сөзінше, бұзақылық заң бойынша барынша арсыздықпен ерекшеленетiн, күш қолданумен, соның ішінде жеңіл дәрежелі денсаулыққа зиян келтірумен ұштасқан, қоғамдық тәртіпті аса қатыгездікпен бұзу болып танылады.

«Сондықтан жәбірленушілердің денсаулығына, соның ішінде Полаттың, жеңіл дәрежелі зиян келтірген сотталушылардың әрекеттері бұзақылық ретінде сараланған. Шерзат Полатқа соққылар келтірген Белғожаев пен Ілиясовтың қолдарында пышақ және оқталған мылтық болғанын ескеру қажет, яғни олар жәбірленушіні сол пышақтың жүзімен ұрып және мылтықпен атуға мүмкіншіліктері болған, бірақ олар пышақтың сабымен және мылтықтың түбімен ұрған. Жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің 53-бабында қаралған жеңілдететін мән-жайларды тек Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтарда, Қалиахметте (жас балаларының болуын) және Ысқақтың кәмелетке толмағанын ескерді. Сондай ақ барлық сотталушы, кәмелетке толмағаннна басқа, ауырлататын мән-жай ретінде алкогольден масаң күйде болуы танылған. Сонымен қатар сот сотталушылардың жеке басын, олардың бір бөлігінің бұрын сотты болғандарын ескерді. Атап айтқанда, Азамат Тоқтаубаев пен Нұрқияс Ілиясовке бұрынғы соттылықтарының өтелмеген жазаларын ескеріп, 15 және 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл мерзімдер, жоғарғы шегіне жақын. Бұзақылық бойынша басқа кінәлілерге заңмен белгіленген жоғарғы мерзімдер 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды»,—деді ол.

Айта кетейік, бүгін Талғарда кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесіне нүкте қойылды.

Comments