Украинаның қарулы күштері Саратов және Рязань облыстарындағы маңызды әскери нысандарға соққы берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Әскери ведомствоның мәліметінше, Украина күштері әуе шабуылына дайындық аясында “алдын ала соққы” жасаған.
“Қарсыластың авиациясы шоғырланған аэродромдар мен өзге де маңызды әскери нысандар көздеген бағытта жойылды”, – делінген хабарламада.Саратов облысындағы Энгельс аэродромында жанар-жағармайға арналған кемінде үш резервуарға дәл тигендігі және соның салдарынан ірі өрт шыққаны хабарланды. Бұл аэродромда “Өрмек” операциясынан кейін Ресей әскери авиациясының бір бөлігі шоғырланған. Ал Дягилево аэродромында өрт тұтанып, соққының нақты салдары анықталуда. Мұнда стратегиялық бомбалаушылар, жанармаймен қамтамасыз ететін ұшақтар және зымыран соққыларын қолдайтын жойғыштар орналасқан. Ал Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, дәл сол түні Ресейдің 12 аймағында, соның ішінде Саратов, Рязань облыстары мен Қырымда, барлығы 174 украиналық дрон атып түсірілген. Саратов облысының губернаторы Роман Бусаргин Энгельс қаласында украиналық дрондардың тұрғын үй кешеніне соғылғанын және қаладағы өнеркәсіп нысандарының бірі өртенгенін мәлімдеді. Ал Рязань облысының басшысы Павел Малков түнде бірнеше дронның атып түсірілгенін, бірақ зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.