АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні өзінің бұрынғы одақтасы әрі сайлауалды науқанының демеушісі Илон Маскпен қарым-қатынасты қалпына келтіруге ниетті емес екенін білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
NBC арнасының журналисі Кристен Уэлкерге телефон арқылы берген сұхбатында Трамп Маскпен татуласқысы келмейтінін ашық айтты. Ал қарым-қатынастарының аяқталған-аяқталмағаны жөнінде сұралғанда: "Меніңше, иә", - деп жауап берген.
"Менің уақытым басқа істерге кетіп жатыр. Білесіз бе, мен сайлауда үлкен басымдықпен жеңіске жеттім. Мен оған бұл мүмкіндіктерді бұрын бергенмін. Бірінші әкімшілігім кезінде оған біраз жеңілдік жасадым, өмірін сақтап қалдым. Енді мен онымен сөйлескім келмейді" - деді Трамп.
АҚШ президенті сонымен қатар Маск 2026 жылғы аралық сайлауда демократиялық партия өкілдерін немесе заң шығарушыларды қолдайтын болса, салдары болатынын ескертті.
"Егер ол мұны жасаса, оған жауап беруіне тура келеді", - деді Трамп. Бірақ қандай салдар болатынын нақтыламады.
Айта кетейік, Масктың кәсіпорындары мемлекетпен тиімді келісімшарттарға ие.
Бұл мәлімдеме Трамп пен әлемдегі ең бай адам Маск арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы аясында айтылды. Себебі Маск апта басында Трамптың бюджет туралы заң жобасын өзінің әлеуметтік желісі X арқылы сынға алған болатын.