Қазақстан мен Ресей арасындағы визасыз режим сақталады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол әлеуметтік желіде екі ел арасында виза режимі енгізілді деген жалған ақпарат тарағанын мәлімдеді.
«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Ресейді визалық режимді енгізетіндей көрсетті. Қазақстан мен Ресей арасында визасыз режим бар және ол сақталады. Бұл әшейін шекарадан өтуге қатысты талаптар. Еуропадағы шекараны, Қазақстандағы шекараны өткенде тура солай әрбір келушінің биометриясын алады. Бұл – қалыпты жағдай. Сондықтан, әріптестер, халықты жалған, дұрыс емес тақырыптармен дүрліктірмеңіздер»,—деді СІМ ресми өкілі.
Айта кетейік, 30 маусымнан бастап Ресей шетелдіктер үшін елге кірудің жаңа ережелерін енгізеді. Шекарадан өту үшін арнайы QR-код қажет болады, оны өткізу бекетінде көрсету керек.